«Жер заңнамасының сақталуы бойынша»

Аудан прокуратурасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жер пайдаланушыларға беру және оларды мақсатына сай пайдалану кезінде жер заңнамасының қолданылуына тұрақты түрде қадағалауды жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі — Кодекс) 4-бабына сәйкес, жер заңнамасының негізгі принциптері болып жерді қорғау, ұтымды және нысаналы пайдалану айқындалған.
Кодекстің 92-бабының 3-тармағында көзделгендей, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап қатарынан екі жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесі осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Ал шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбау жағдайларына жайылымдарда – жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарларының болмауы не олардың саны агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган белгілеген жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының жиырма пайызынан аз болуы және (немесе) жемшөп дайындау мақсатында шөп шабудың болмауы жататыны көрсетілген (Кодекстің 92-бабы 4-тармағы).
2023 жылы жүргізілген талдаулардың нәтижесінде аудандық шаруа қожалықтары иелерінің тарапынан жер учаскесін заңнама талаптарын бұза отырып пайдалану, ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатына сай пайдаланбау және қайтыс болған жер иеленушілердің жер учаскелері пайдаланылмай қалу деректері анықталды.
Аталған жер учаскелерінің ұзақ уақыт немесе мақсатына сай пайдаланбауы, ауданның экономикалық тұрғыдан дамуына ешқандай тиімділігі жоқ және өзге де шаруа қожалықтарын жүргізуге ниетті тұрғындардың жер алуына кедергі келтіруде.
Орын алған заң бұзушылықтарды жою мақсатында прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, нәтижесімен аудан бойынша 13 мақсатына сай пайдаланылмай отырған жер учаскелері (көлемі 19 971 га, кадастрлық құны 49 335 069 теңге) анықталып, мемлекетке қайтарылды.
Аудан прокуратурасымен бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Ұлытау ауданының прокуратурасы.