Жеке кәсіп – экономиканың қозғаушы күші

Биылғы жылы 16 желтоқсанда тәуелсіз ел болғанына 30 жыл толғалы тұрған Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылуға қадам жасауда. Сонау 90-жылдары елімізге ентелей енген нарық экономикасы жеке кәсіпкерлікке, шағын және орта бизнеске (ШОБ-қа) жол ашты. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жеке кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік кепілі» атты Жолдауында да кәсіпкерлікті қолдау жайлы ойлар айтылған. Ауданымыздағы кәсіпкерлік саласы жыл өткен сайын кеңге құлаш жайып келеді. Әсіресе, жеке кәсііпкерлікпен айналысуға ниет еткен аудан жастарының қадамдары қуантады. Аудан аумағындағы елді мекендерден шыққан жас кәсіпкерлер қал-қадірінше жеке шаруашылықтарын «дөңгелетіп-ақ» отыр. Бір қуанарлығы олардың қатары жыл сайын толыға түсуде. Түрлі бағыттағы сауда нүктелері, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орындары, техникалық қызмет көрсететін шеберханалар бүгінде ауданның бірқатар ауылдарында жұмыс істеп тұр. Олардан түскен салық, аудан бюджетін толықтырып отырғаны сөзсіз. Жеке кәсіп – аудан экономикасының қозғаушы күші – дегеніміз осы! Ауданымыздағы кәсіпкерлік сала бұдан әрі дамитынына, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауы аясында ауыл жастарының белсенділігі артатынына сенім мол. Ал аудандағы кәсіпкерлік саланың қазіргі хал-ахуалы туралы ауданның кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Гүлнара Мәдениетқызы АУҒАНОВА былай дейді:

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында, «Өңдеу өнеркәсібінің өндірісін бес жыл ішінде кем дегенде 1,5 есе арттыру керек» — деген мақсаты қойылды. Осыған сәйкес 2021 жылдың наурыз айынан бастап, Жезді кентінде «Нерис» ЖШС марганец өндірумен айналыса бастады. Қазіргі таңда кәсіпорында 50-ге жуық жұмыскер қызмет атқаруда. Алдағы уақытта кәсіпорында жаңа қоңдырғылар орнату арқылы жұмыскерлер санын 100-ге жеткізу жоспарда бар. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық мәселесіне, елдің әлеуетіне, өндіріс көлемінің артуына оң әсер ететін болады. Сонымен қатар, келешекте «СП «Варда Минералс» ЖШС Қарсақбай мыс балқыту зауытын іске қосу жоспары тұр. Бұл жобаны орындау 6,5 млрд. теңге инвестицияны қажет етеді. Осы жоба жылына 520 мың тонна техногендік минералды шикізатты өндіруге мүмкіндік беретін болады.

Қазіргі таңда Ұлытау ауданы бойынша шағын және орта кәсіпорындардың өндіріс өнім көлемі, 2021 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша 2395,4 млн. теңгеге орындалды, (АКИ 157,4%). 2021 жылдың қорытындысында бұл көрсеткішті 3103 млн теңгеге (АКИ 101,5%) жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі таңда бұл жоспар 77 %-ға орындалды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 2800,3 млн. теңгеге орындалған болатын.

2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында көрсеткіштің өсу себебі, тау-кен саласы бойынша құрамында алтыны бар кеңді өндіру 4,8%-ға, түйіршік тас өндіру 16,7%-ға және тас көмірді өндіру 26,1%-ға артқандықтан болып отыр.

Кез-келген өндіріске инвестиция тарту ісі әрқашанда аса маңызды рөл атқарып келеді. Осы бағытта Ұлытау ауданы бойынша негізгі капиталға инвестиция құю көлемі 2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында 2 822,5 млн.тенгеге орындалды, (АКИ 92,8%). Инвестицияның көлемін 2021 жылдың қорытындысында 4900 млн теңгеге жеткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда жоспар 57,6%-ға орындалды.

Шағын және орта бизнесті дамытуда сапалы серпілісті қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлікті дамытуға арналған қолайлы жағдайларды жасау, шағын және орта бизнестің қызметін қамтамасыз ететін инфрақұрылымның тиімді объектілерін құру мен дамыту бойынша жұмыстар жалғастырылып келеді. 1 шілде 2021 жылға Ұлытау ауданының халқының саны 12428 адамды құраса, осы халық санының 6523-і белсенді немесе халықтың 52,4% шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді.

2021 жылдың 8 айына жұмыс істеп тұрған 1737 ШОБ субъектілерінің ішінде 51 заңды тұлға, 406 жеке кәсіпкерлер және 1324 (37 егін шаруашылығы, 1287 мал шаруашылығы) шаруақожалықтары. 406 жеке кәсіпкердің 97 дүкен, 12 қоғамдық тамақтану орындары, 4 өндірістік кәсіпорын, 1 ветеринарлық дәріхана қалғандары басқа да қызмет көрсету нысандары. Жұмыс істеп тұрған объектілердің 72,7 % шаруа қожалықтары.

Халықты кәсіпкерлік қызметке тарту және жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу мақсатында жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары мыналар болып табылады: заңдылықтарды жетілдіру, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу мен жоюдың жеңілдетілген тәртібін, салық салудың оңтайлы режимін белгілеу, шағын бизнесті несиелеу бағдарламасы түрінде қаржылық қолдау көрсету және басқалары. Осы бағытта аудандық кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып мемлекеттік бағдарламаларды, атап айтқанда, “Бизнестің Жол картасы-2020”, “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», Ауыл шаруашылығын дамытудағы «Агробизнес-2020» бағдарламаларын басшылыққа ала отырып, оларды халыққа түсіндіру, оқыту, іске асыру бағытында көптеген жұмыстар іске асырылып келеді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік негіздерін оқытуға арналған «БастауБизнес» жобасы бойынша 2020 жылдың 9 айында 50 адам бір айлық курсын аяқтап, сертификаттарын алды. Осы оқуды аяқтаған 43 адам 2020 жылдың 9 айында, мемлекеттік бағдарлама арқылы 23890.8 мың теңге көлемінде мемлекеттік грантын алды. 2021 жылдың 8 айында 58 адам бір айлық курсын аяқтап, сертификаттарын алды.

Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті қолдап, заман талабына сай дамыту мақсатында үкімет тарапынан көптеген жеңілдіктер көрсетіліп отыр, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы көптеген бағдарламалар бойынша, мал шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту сияқты бағдарламалармен жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр. 2020 жылы жалпы 13 жоба қолдау тауып, кәсіпкерлік бағдарламасымен – 17600,0 мың теңге, мал шаруашылығына 45500,0 мың теңге несие алынған болатын. 2021 жылдың 8 айында 33 жоба қолдау тауып 438465,0 мың теңге мал шаруашылығын дамытуға несиелер алынды.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында мемлекеттік грант ұсыну конкурсына қатысатын бизнес-жобаларды іздестіру және қатысуға ниет білдірген тұлғаларға, конкурстық құжаттамаларын дайындау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Аудандық бюджеттен 2020 жылы шағын кәсіпкерлікті дамытуға, оның ішінде 29 жасқа дейінгі жастарды ынталандыру мақсатында, 30,0 млн.теңге грант бөлінді. Аталған гранттан 38 жоба қолдау тауып, аудан көлемінде әртүрлі сұранысқа ие болып тұрған нысандар ашылуда. Аталған қаражат аудандық жастар ресурстық орталығы арқылы берілді. 2021 жылы шағын кәсіпкерлікті дамытуға, оның ішінде 18-28 жасқа дейінгі жастарды ынталандыру мақсатында 20,0 млн. теңге грант бөлінді.

2021 жылы да кәсіпкерлік нысандарының ашылуы, пандемиялық ахуалға қарамастан қарқынды дами түсті, 7 кәсіпкер өз кәсібін жүргізуге ниет білдіріп, шаруаларын бастады. Оның ішінде әр селолық округтен сауда, қызмет көрсету нысандары, монша, жылыжай, тағы басқа нысандар іске қосылды.

Аудан көлемінде бүгінгі күні кенжелеп тұрған, дамытуды қажет етіп отырған сала халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласы екені белгілі. Осы бағытта аудан жастары арасында, кондитерлік және тігін цехтарын, сұлулық салондарын ашуға тілек білдірген азаматтарға берілді. Сөзімнің соңында, аудан аумағындағы ауылдарда орналасқан жеке кәсіп иелеріне, бүгінгі қатерлі дерт белең алған хал-ахуалға қатысты бір шағын хабарлама жасағым келеді.

Қадірлі жерлестер, құрметті ұлытаулықтар!

Пандемия экономикамызға кері әсер етуде. Дегенмен үкіметіміз экономиканы көтерудің жолдарын қарастыруда. Сол жолдың бірі еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдерін қаржылай қолдау болып табылады. Қазіргі таңда, ұлытаулық жас кәсіпкерлерге экономикалық жағдайын тұрақтандыруға, жаңадан кәсіп ашуға Қарағанды облысы әкімінің жастарға арналған гранты ұсынылып отыр. Бизнес-жоспарды қолдау 2021 жылдың 10 қыркүйектен бастап 2021 жылдың 10 қазанына дейін жүргізіледі. Толық ақпаратты 8(701) 122- 24-63; 8(778) 630-73-97; 8(771) 365-99-13 (WһatsApp, Telegram) нөмірлері арқылы білуге болады. Барлық соммасы 100 млн. теңге 100 жобаға беріледі. Сонымен қатар, ауданымыздың әкімі атынан 20 млн. теңгеге грант беру жобасы қаралуда. Алдағы уақытта, грант туралы ақпараттар жергілікті «Ұлытау» газетіне, әлеуметтік желілерге хабарланатын болады. Жыл сайынғы өтетін «Бизнес жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы грантқа құжаттарды қабылдау қараша айында өткізілетін болады.

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ.