Жазушының он томдық жинағы жарық көрді
Көрнекті ақын, жазушы, журналист, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ұлытау облысының Құрметті азаматы Батырбек Мырзабековтің он томдық шығармалар жинағының салтанатты тұсаукесері өтті. Әдебиет пен журналистика саласында жарты ғасырға жуық уақыт табанды еңбек еткен қаламгердің бұл еңбегі – оның шығармашылық жолын тұтастай қамтыған іргелі басылым. Жалпы бұл – Ұлытау өңірінің рухани өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі десек болады.

Салтанатты кеш жазушының кең танымал «Аманат» романының желісі бойынша сахналанған «Төртеу түгел болғанда…» атты инсценировкамен ашылды. Қойылымда күрделі тарихи кезең, ел тағдыры, халық мүддесі жолында күрескен тұлғалардың болмысы көркем бейнеленіп, көрерменге терең ой салды. Сахналық көрініс кештің мазмұнын айшықтап, әдеби мұраның рухани салмағын сезіндіре түсті.
Іс-шара барысында Батырбек Мырзабековтің ақындық, журналистік және прозалық шығармашылық жолына кеңінен тоқталды. Қаламгердің поэзиядағы қолтаңбасын айқындайтын «Тасбұлақ», «Ұлытаудың ұлымын», «Жеті қыз» жыр жинақтары, сондай-ақ, кейінгі жылдары жазылған прозалық еңбектерінің тақырыптық ауқымы, көркемдік деңгейі мен әдебиеттегі орны ерекше атап өтілді. Оның шығармаларында туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық рух, тарихи жады мен замана шындығы қатар өріліп, оқырманын ойға жетелейді.
Кеш аясында қаламгер шығармалары негізінде поэтикалық композициялар ұсынылып, өнерпаздар орындауында әндер шырқалды. Сонымен қатар, көрсетілген бейнефильмде Батырбек Мырзабековтің проза саласындағы жетістіктері, шығармашылық эволюциясы мен азаматтық ұстанымы кеңінен таныстырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Он томдық шығармалар жинағы Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжановтың бастамасымен, демеушілік қолдау арқылы Алматы қаласындағы «Ғарыш» баспасынан жарық көрген. Бұл басылым – жезқазғандық қаламгерлер арасында алғашқылардың бірі болып отырған көлемді, жүйелі көптомдық еңбек. Жинаққа әр жылдары жазылған өлеңдер, прозалық туындылар, публицистикалық мақалалар мен таңдаулы шығармалар топтастырылған.
Салтанатты тұсаукесер рәсіміне Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, қоғам және мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысып, қаламгерге жүрекжарды лебіздерін білдірді. Қонақтар Батырбек Мырзабековтің қазақ әдебиеті мен өңірлік журналистиканың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі.
Он томдық шығармалар жинағы – бір қаламгердің ғана емес, тұтас бір дәуірдің рухани айнасы. Бұл еңбек алдағы уақытта әдебиеттанушылар мен жас оқырмандар үшін құнды дереккөзге айналып, ұлттық руханият қазынасын толықтыра түсері сөзсіз.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
