«Жастар заңды білмейді». Президент құқықтық сауатсыздықтың салдары туралы айтты

Қазір жастардың арасында заң сауатсыздығы кеңінен таралған. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде айтты.

Президент полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттерге, мектептерге барып, заңдарды жастарға түсіндіруі керектігіне назар аударды.

Өкінішке қарай, біздің жастарымыздың арасында заң сауатсыздығы кеңінен таралған. Басқаша айтқанда, жастарымыз заңды білмейді, оны сақтаудың мән-маңызын түсінбейді. Ал мұндай құқықтық сауатсыздықтың салдары өте ауыр. Мен әрбір жиында қоғамымызда заң үстемдігі, соның негізінде тәртіп болуы керек деп айтып жүрмін. Полиция қызметкерлері осы қарапайым тұжырымдаманы халыққа, азаматтарға, әсіресе, жастарға жеткізуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Президент азаматтардан арыз-шағымдарды қабылдауда жеделдіктің жетпіспеушілігіне тоқталды.

Бүгінде азаматтарымыз өздерінің заңды құқықтарын, конституциялық бостандықтарын және жеке меншігін қорғау үшін мемлекетке жүгінеді. Олар қиын жағдайға тап болғанда билік өкілдері әділдікті тез арада қайта орнатады, кінәлілерді жауапқа тартады және шығынды өтеуге көмектеседі деп үміттенеді. Сондықтан арыз-шағымдарды барынша жылдам әрі кәсіби түрде қарастырып, әрекет ету қажет. Алайда шағымдардың көптігі құқық қорғау жүйесінің бұл міндетті тиісті деңгейде атқара алмай жатқанын көрсетеді. Азаматтар жылдар бойы талай мекеменің табалдырығын тоздырып, нақты жауап таппай, шындыққа қол жеткізе алмай жүр.

Сондықтан менің тапсырмам бойынша Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі комиссия қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасын әзірледі. Бұл құжат тергеушілердің және анықтаушылардың жұмысын жеңілдету үшін керек. Басты мақсат – оларды артық рәсімдерден, құжаттардан арылту. Түптеп келгенде, мұның бәрі сіздерге көмек сұрап келген азаматтар үшін жасалып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.