Жасампаздықтың жарқын айғағы
Елордада еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті. Жасампаздық салтанатының айғағындай болған жиынғаМемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қатысты.
Ассамблея сессиясында Тәуелсіздігіне 30 жыл толатын еліміздің өткені мен бүгіні – қол жеткізген жетістіктері мен сол жолда кездескен кедергілер де әңгіме өзегіне айналды. Бір шаңырақ астында ымырамен ғұмыр кешкен түрлі ұлт өкілдері ортақ мүддеге тізе қоса ұмтылса, алынбас асудың болмайтыны да айтылды. Қазақстанның кемелденген, халқының әл-ауқаты арта түскен, әлемде өзіне тән беделі мен орны бар мемлекетке айналуы – соның айғағы екендігі атап өтілді.
Елбасы өз сөзінде 1991 жыл еліміз бен оның халқы үшін жаңа дәуірдің басы, атамекенде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағдыры үшін жауапкершілік алу кезеңі болғанына назар аударды. Нұрсұлтан Әбішұлы көпұлтты халқымыз бейбітшілік пен келісімде алға жылжу таңдауын жасағанын тілге тиек етті.
Қазақстан, шынымен де, қоғамның алуан түрлілігін өз кәдесіне ұтымды жарата білді. Этностардың бай мәдениеті, дәстүрі ұлттық кодты қалыптастырды. Ел экономикасында түрлі реформалар жемісті жүргізілді. Соның арқасында қазір Қазақстан орташа табыстан жоғары деңгейлі елдер тобына кіреді. Осы аралықта ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 13 есе өссе, халықтың табысы 9 есеге ұлғайған. Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі елдер қатары арта түсуде. Бүгінгі күні индустрияландыру және сервистік-өнеркәсіптік сала қарқынды даму үстінде. Бұл, түптеп келгенде, экономиканы шикізатқа тәуелділіктен құтқарады.
Ассамблея сессиясында Тәуелсіздік дәуірінде дүниеге келіп, енді ел дамуына үлес қосып жүрген жастардың, осында өсіп-өркендеген ұлттардың өкілдері сөз алып, мемлекет саясаты мен елдік ұстанымға риза пейілдерін бүкпесіз білдірді. Медицина қызметкерлері атынан сөз алған білікті маман Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысының, Қазақстан халқы Ассамблеясының тұрақты қолдауын сезінетіндерін мәлімдеп, барша әріптестерінің атынан алғыс айтты. Расымен де, Қазақстан халқы коронавирус індеті кезінде өз бірлігінің бекемдігін тағы да бір танытты. Елбасы бастамашы болған «Біз біргеміз» қорының нақты көмегі қиындықты бірге еңсеруге болатынын көрсетті. Қазір вирусқа қарсы вакцина өндірген 5 мемлекеттің қатарында біздің ел де бар. Бұл – бірегей жетістік.
Нұрсұлтан Әбішұлы алдағы кезеңде мемлекеттік саясат пен ұлттың жаңа біртектілігін қалыптастыруға негіз болатын бес қағидатты атады. Бұлар – мемлекет пен азаматтар арасындағы сенім мен өзара іс-қимылға негізделген қазақстандық патриотизм; азаматтық тең құқықтылық; мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлі; іс жүзінде интермәдениеттілік қағидатымен белсенді түрде толықтырылатын «Алуан түрліліктегі бірлік» қағидаты және ұлтты тұрақты жаңғырту қағидаты.
– Осы жылдар ішінде мен халық бірлігін, бақуаттылық пен үндестікті, қауіпсіздікті, азаматтардың тұрақтылығы мен тыныштығын бірінші орынға қойдым. Мен соғыстардың, діни және этносаралық қанды қақтығыстардың қасіреті ешқашан отандастарымыздың өміріне көлеңке түсірмеуі үшін Отанымыз бейбітшіліктің эпицентрі болғанын қалаймын. Бүгін менің арманым орындалды деп айтуға болады. Бұл ретте менің бастамам бойынша 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз рөлін атқарды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сессия соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея мүшелеріне елдің даму бағытындағы іргелі істерге үнемі қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға сәйкес, маған өмір бойы Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығы тиесілі екені белгілі. Бұл ретте Ассамблеяны басқару бойынша бірқатар өкілеттіктер еліміздің Президентіне бекітілген. Қазақстан халқы Ассамблеясы Президенттің қасында болуы керек. Сондықтан мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді шештім. Бүгінгі шешім Ассамблея қызметінің мүдделеріне қызмет ететініне және біздің Президентімізге барлық ағымдағы жұмыстар мен азаматтарымыздың, қоғамымыздың және мемлекетіміздің болашағына арналған жоспарларды біріздендіруге көмектесетініне сенімдімін», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесіне лайықты екенін мәлімдеді.
– Құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу туралы жалпы ұсынысымызды қабылдау жөнінде өтініш білдіремін. Бұл мәртебе – біздің халқымыз бен мемлекет алдындағы тарихи еңбектеріңіздің арқасында Сізге тиесілі. Ассамблеяның барлық мүшесі бұл ұсынысты қолдайтынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ассамблея сессиясы ел бірлігінің тамыры тереңдей түскенін даусыз айғақтап берді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ