Жас боксшылар бәсекесі
Жақында Қаражал қаласында бокстан 2009-2010 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында Мемлекеттік рəміздердің 30 жылдығына арналған облыстық ашық турнир өтті. Оған Ұлытау ауданының спорт мектебінен 3 боксшы қатысты. Жалпы додада облыс аумағынан 110 боксшы шаршы алаңда қолғап түйістірді.
Олар 32 келі салмақтан бастап, 70 келіден жоғары салмақта бақ сынасты. Үш күн бойы тынымсыз «жұдырықтасу» барысында асығы алшысынан түскендері іріктеліп, келесі кезеңге жолдама алып отырды. Нəтижесінде «бабы мен бағы» келіскен жеңімпаздар мен жүлдегерлер санатына ілікті. 2009-2010 жылы туылған жеткіншектер арасында 42 келі салмақта Жанарыс Бейсалы үшінші орын алды. 46 келіде сынға түскен Мағжан Қадыр екінші орынға қол жеткізді. Ал, 2006-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы спорттық бəсекеде 80 келіде жұдырықтасқан Нұрасыл Серіктің бағы жанды. Финалда қаражалдық боксшыны бірінші раундта нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен ұтты. Осылайша, Нұрасыл жеңіс тұғырына көтеріліп, жүлделі бірінші орынды иеленді.
Айта кетейік, аталған боксшылардың бапкері – аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Мəди Қоранов. Бір қуанарлығы, оның шəкірттері бапкерінің сенімінен шықты. Бұл жетістік жаттықтырушының ерен еңбегінің жемісі. Алдағы уақытта да Мəдидің шəкірттері талай додада топ жаратынына сенім зор.