Жайлы өмір сүруге жағдай жасалады
Облыстық мəслихат депутаттарының алдында берген есебінде өңір басшысы Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ осылай деп мəлімдеді. Бұған барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын да атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, биыл Ұлытау облысына қосымша 36 млрд теңге тартылыпты.
Өңір басшысы халық қалаулыларына Ұлытау облысының əлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті. Осы жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіш бойынша оң динамика күтілуде. 2023 жылға арналған облыстық бюджет республикалық бюджеттен трансферттердің нақтылануы мен түсуін ескере отырып, бекітілген бюджетпен салыстырғанда 25 пайызға өсіп, 141,8 млрд теңгені құрады.
Өңір басшысы қызметтің басым бағыттарын белгілеп, депутаттарға жұмыс жүргізіліп жатқан салалар туралы айтып берді. Мəселен, 2023 жылдың 8 айында тұрғын үйді пайдалануға беру 39,7 мың шаршы метрді құрады, бұл өткен жылдың сəйкес кезеңінен 56,7 пайызға артық. Халық санының өсуін ескере отырып, облыста 7 үй салынды: 2 жалға беру, 1 кредиттік жəне 4 коммерциялық. Сонымен қатар, халықтың əлеуметтік осал топтары үшін 18-ден астам пəтер сатып алынады.
Берік Əбдіғалиұлы денсаулық сақтау саласын дамыту жоспарына да тоқталды. Жаңаарқа жəне Ұлытау аудандарында бас аяғы 9 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталуға жақын. Одан бөлек, өңірдің медициналық мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Олар: Сəтбаев қаласының орталық ауруханасы, Жаңаарқа ауданының көпсалалы аудандық ауруханасы, Қаражал қаласының орталық ауруханасы жəне Жезді кентінің ауруханасы. Сонымен қатар, биыл желтоқсан айында ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға арналған оңалту орталығының ашылуы күтілуде. Онымен қоса республикалық бюджет есебінен шамамен 2 млрд теңге сомаға заманауи медициналық жабдық сатып алынады, оның 500 млн теңгесі ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртуға бағытталады.
Өңір үшін ең өзекті мəселелердің бірі – алдағы жылыту маусымына дайындық. Өңір басшысы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында ЖЭО-да жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Бүгінгі күні екі қазандық пен үш турбинаның ағымдағы жөндеуі аяқталды. Екі қазандықты күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, тағы бір қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 4,2 шақырым жылу желілері жаңғыртылып, тағы 40,5 шақырымы жөнделген, осы жылдың соңына дейін 2,6 шқ. желілерді қайта жаңартуға қосымша қаражат бөлінетін болады. Сонымен қатар, Жезқазғанда 43,4шақырым газ құбыры желісі салынып, 219 абонент қосылды.
Қатынас құралын жақсарту – өңірдегі туризмді дамытуға жол ашады. Осы мақсатта Жошы хан, Домбауыл кесенелеріне апаратын жол құрылысы келесі жылы аяқталады. Сонымен қатар 11 қазаннан бастап, Ұлытау облысынан оңтүстік өңірге қатынас жеңілдейді. «Qazaq Air» əуе компаниясы арқылы аптасына екі рет Шымкент-Жезқазған-Шымкент бағытында ұшақ жолаушы тасымалымен айналысатын болады.
Білім беру саласындағы тың жаңалықтың бірі – «Ұлытау» техникалық университетінің құрылуы болды. Келер жылы білім ордасы студенттерді қабылдай бастайды. Одан бөлек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қабанбай шағын ауданында 300 орындық білім ошағы салынады. Жезқазған қаласындағы Абай атындағы мектеп-интернатына арналған 200 орындық жатақхана құрылысы басталды.
Кешенді жоспар сондай-ақ облыстың индустриялық-инновациялық дамуын қамтиды. Олар: Жезқазғанда шикі мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдейтін жəне өнеркəсіптік реагент шығаратын химия зауытын салу, «Жомарт» кен орны базасында мыс өндіретін Жезқазған мыс балқыту зауытын газдандырумен жаңғырту. «Осы үш жобаны іске қосу желтоқсан айында жоспарланған, 10 млрд теңгеден астам инвестиция салынып, 3 мың жаңа жұмыс орны ашылады», – деп атап өтті Берік Əбдіғалиұлы.
Сонымен қатар жиында биыл Ұлытау облысына қосымша 36 млрд теңге тартылғаны атап өтілді. 2024 жылға арналған облыстық бюджет жобасы өз кезегінде 1,2 есеге өсті. Жалпы, өңір басшысы жоспарланған іс-шаралардың барлық кешенін іске асыру – облыс тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететінін айтты.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.