ЖАҢАРҒАН ПАРТИЯНЫҢ ЖАРҚЫН ҚАДАМЫ

Кеше Ұлытау ауданы делегациясы құрамында «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының кезекті V есеп беру-сайлау конференциясының жұмысына қатыстым.
Партияның облыстық филиалының төрағасы – Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов тізгінін ұстаған конференцияның күн тәртібіне делегаттардың бірауыздан құптауы негізінде «Облыстық филиал Саяси кеңесінің атқарылған жұмыстар жөніндегі есебі», «Партияның Ұлытау облыстық филиалының Саяси кеңесі құрамын сайлау туралы» және «Ұлытау облыстық партия филиалының Бақылау-тексеру комиссиясы құрамын сайлау туралы» мәселелер қойылды.

Алғашқы мәселе бойынша облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков баяндама жасады. Байыпты түзілген баяндамада есепті мерзімде атқарылған жұмыстар ауқымына, олардың нақты нәтижелеріне сындарлы сипаттама берілді.

«AMANAT» үшін сапалы жаңғыру кезеңі басталды» деген Ерлан Батырбекұлы 135 іс-шарадан тұратын облыстық деңгейдегі Сайлауалды бағдарламаны орындау мақсатында 2023-2027 жылдарды қамти отырып бекітілген Жол картасында дамудың негізгі бағыттары нақтыланып, қоғамдағы қордаланған мәселелердің түйінін тарқату жолдары белгіленгенін атап өтті.

Ол сонымен қатар, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауындағы халық сенімі аманат жүгінің жеңіл болмайтынын дәлелдеп бергенін тілге тиек етіп, «тарихи жауапкершілік» ұғымының әлі де таразыда тұрғанына назар аударды. Атқарушы хатшының баяндамасында сондай-ақ, бастауыш партия ұйымдарының қызметі, саяси және экономикалық бағыттағы жұмыстар, облыстық филиал жанындағы қоғамдық кеңестердің қам-қарекеті, қоғамдық қабылдаудың тиімді тұстары мен оны одан әрі жетілдіру жолдары, бұқарамен тығыз қатынасты әлі де пәрменді ете түсу қажеттілігі және өзге де көптеген өзекті жайттар қамтылғанын атап өткен жөн.
Конференция күн тәртібіндегі алғашқы мәселе аясында делегаттар «Жастар Рухы» Жастар қанаты Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Нұргүл Талғатбекованың қосалқы негіздегі есепті баяндамасына зор ынтамен құлақ түріп, жүргізілген жұмыс нәтижелеріне оң баға берді.

Алдағы кезеңге арналған жоспарлы шараларына қолдау білдірді.
Партияның облыстық филиалының басты жиынында филиал Саяси кеңесінің жалпы саны 29 адамнан тұратын жаңа құрамы сайланды. Осы орайда, оның 31 пайызға жаңғыртылғанын айта кету артықшылық етпейді.
Конференцияда сондай-ақ, облыстық филиалдың бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы бекітілді.

Басқосу барысында барлық делегаттардың қатысуымен жаңадан сайланған Саяси кеңестің алғашқы отырысы өткізіліп, 11 адамды құрайтын Бюро мүшелері сайланды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«AMANAT» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы, Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы.