Жаңа тәсілдер мен тиімді жобалар: Қарағанды облысындағы «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жұмыс қорытындылары мен жоспарлары

«Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыруда жаңа тәсілдерді қолдану, креативті және тиімді жобалар жасау қажет. Бұл тұрғыда бастамашыл жастарға ерекше орын беріледі. Қарағанды облысындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов өңір әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтың төрағалығымен өткен онлайн-кеңесте өткен жылғы жұмыс қорытындылары мен 2021 жылға арналған жоспарлары туралы айтып берді.

— Есепті кезеңде Қарағанды облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алты бағыты бойынша 17 арнайы жоба аясында 1 286 іс-шара іске асырылды, — деп атап өтті Айтбай Жұмағұлов.

Бағдарламаны іске асыру бойынша 2021 жылға арналған өңірлік кешенді іс-қимыл жоспарында 1 206 іс-шара бар.

Өткен жылы пандемия іс-шаралар саны және аудиториямен өзара әрекеттесу сапасына белгілі бір түзетулер енгізгеніне қарамастан, конкурстық жобалар да ұйымдастырылды. Мысалы, «Табысты жобалар жинағына» Қарағанды облысының екі идеясы кірді. Жобалардың бірі — «Qasym kitaphanasy» — «Білімнің салтанат құруы» бағыты бойынша. Ол бойынша жыл сайын 52 кітап шығару жоспарлануда. Екіншісі — белгілі ақындардың, кәсіпкерлердің, спортшылардың, түрлі саладағы кәсіпқойлардың өмірлік құндылықтары мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының рөлі туралы баяндайтын «Ұлтқа қызмет» («Служение народу»). Жобаға Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, айтыскер, ақын Жүрсін Ерман, академиктер Дихан Қамзабекұлы мен Төрегелді Шарманов, актер Тілектес Мейрамов, бизнесмен және меценат Ерлан Әшім және басқалар қатысты. Бұл жоба биыл да жалғасын табады.

— Біз қазір шетелде тұратын қазақтармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Келесі тікелей эфирлер олардың қатысуымен өтеді. «Ұлтқа қызмет» — әсіресе жастар үшін танымдық әрі пайдалы жоба. «Дәстүр мен ғұрып» бағытында да үлкен жұмыс атқарылды. Жаңаарқа ауданының салт-дәстүр бойынша челленджін еліміздің көптеген өңірлері қолдады, — деп атап өтті Айтбай Жұмағұлов.

Облыс әкімінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Бекзат Алтынбеков жобалық кеңсенің Рухани жаңғыру жөнінде атқарған жұмысына тоқталды. Сондай-ақ жаңғыртудан күтілетін үміттен бастап, қоғамдық санадағы өзгерістерге дейінгі нақты қадамдар жайлы айтылды.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы — мемлекетіміздің идеологиясының негізі. Оған жаңа бағыттар қосылды. Олар бойынша жұмысты күшейту қажет, — деді Бекзат Алтынбеков.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов «Рухани жаңғыру» — бірлескен жұмысты ұйымдастыру жобасы екенін атап өтті. Іс жүзінде кез келген адам өз бастамасымен жүгіне алатын алаң. Оның идеясы, егер ол өзекті болса, қолдау табады.

Онлайн-кеңесті қорытындылай келе, Абзал Нүкенов бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма бағдарлама аясында жастармен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың жаңа тілдерді, ғылым мен білімді меңгеруіне үлкен көңіл бөлуі қажет екені айтылды. Жоғары оқу орындарымен және басқа да оқу орындарымен жұмыс істеу қажет. Уақыт шындығы ғылыми-техникалық хаб құруды талап етеді. Жастармен жұмыс жасауда тек клубтар, коворкинг-орталықтар құрумен шектелуге болмайды, олардың қызметін дамыту керек. Бұл үшін ең алдымен жастарды жұмылдыру қажет.

— Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған көптеген іс-шаралар жоспарланған. Әрбір өңір бағдарламаның 17 бағыты бойынша Жол картасын әзірлеуі тиіс. Республикалық «Рухани жаңғыру» кеңсесімен жұмысты дамыту қажет. Мәдениет саласында қалалар мен аудандардың мәдениет үйлері арасында жарыстар өткізу керек. Белгілі әншілерді шақырудың қажеті жоқ, өз дарындымызға жол ашу керек. Олар ауылдар мен аудандарда өте көп, — деп тапсырды Абзал Нүкенов.