Жаңа спорт алаңы – жаңа мүмкіндіктер
Ұлытау ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Соның айғағы ретінде Қазақсан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы және Қоскөл ауылының 50 жылдық мерейтойы аясында жаңа жабық спорт алаңы халық игілігіне берілді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Аманжол Мырзабеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары көрсетілген қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, жаңа нысанның лентасы қиылып, дәстүр бойынша шашу шашылды.
Құрылысы аяқталған спорт алаңы жыл бойы пайдалануға ыңғайлы етіп жабдықталған. Жасанды жасыл көгал төселіп, жылыту жүйесі орнатылған. Жалпы аумағы 800 шаршы метрді құрайтын нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына зор мүмкіндік туғызбақ. Алдағы уақытта алаң маңын абаттандыру да жоспарланған.
Қоскөлдің 50 жылдық мерекесіне орай аудан бюджеті есебінен ауылға тағы бір спорттық нысан – стрит-воркаут алаңы салынбақ. Қазіргі уақытта оның жобалық сызбасы дайындалып, бекітуге ұсынылған. Бұл ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын ұстануына жол ашады.
Сапар барысында аудан әкімі ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғыны Жұмағали Кенжалин электр энергиясына қатысты мәселесін көтерді. Бұл бағытта жоспарлы жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан аудан басшысы тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жаңа спорт нысандары мен қолға алынған жобалар Қоскөлдің даму қарқынын арттырып қана қоймай, ауыл жастарының спортқа бейімділігін күшейтіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосатыны анық.
Аманкелді АҚШАЛ.