Жаңа оқу жылы: қандай өзгешеліктер күтілуде?

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Білім және ғылым министрлігі бұған дайындық шараларын бастап та кетті. Десек те, әлеуметтік желілердегі алып-қашпа әңгімелер ата-аналар мен оқушыларды елеңдетіп отырғаны да рас. Осы орайда, біз Ұлытау аудандық білім бөліміне хабарласып, жаңа оқу жылында оқушылар мен олардың ата-аналарын қандай ерекшеліктер күтіп тұрғанын сұрап, білген едік.

Соңғы екі жыл білім беру саласы үшін нағыз сынға толы жылдар болды. Оқыту форматы эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгеріп отырды. Оқушылар қашықтықтан білім алды, кейін аралас форматта оқыды. Бұл білім сапасына да өзіндік әсерін тигізбей қойған жоқ…

Бірақ, әңгіме бұл жайында емес. Алдағы оқу жылында сабақтар қалай өтпек, мектептер жаңа оқу жылына әзір ме? Әңгіме осы тұрғыда өрбиді. Құзырлы мемлекеттік органдардың пайымдауынша, білім беру ұйымдарын дәстүрлі форматқа қайта көшіру елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ. Яғни, оқыту форматы туралы шешімді коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия, елдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері және өңірлердің бас санитарлық дәрігерлері қабылдайды.

Әрине, ол – уақыттың еншісінде. Елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты болса, жаңа оқу жылы дәстүрлі оқыту форматына көшеді. Олай болса, екі жыл бойы ауласы у-шудан ада болған мектептердің тамырына қан жүгірері анық. Ал, осы қуанышты кезеңге сол оқу орындары дайын ба?

Аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымовтың айтуынша, еліміздің білім беру саласы пандемия жағдайында мектептің оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәжірибесін толық игерген. Дегенмен, күндізгі оқу процесін ұйымдастыру жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Бұл орайда, Білім және ғылым министрлігі оқушыларды дәстүрлі форматқа ауыстыру бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеп, барлық аймаққа таратыпты.

– Ең бастысы – балалардың денсаулығы. Сондықтан әр сынып өз кабинетінде оқиды. Оқушылар да мұғалімдер сияқты бетперде киеді. Үзілістер әртүрлі уақытта болады, қажет болған жағдайда қосымша ауысымдар енгізіледі. Кіреберісте температураны өлшейтін және дезинфекциялық құралдар болуы міндетті, – деді Бағдат Қабденұлы бізбен әңгімесінде.

Бұдан бөлек, сабақ кестесі санитарлық талаптарды ескере отырып жасалуы шарт. Білім беру ұйымдары бұқаралық, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуді шектеуі тиіс.

– Санитарлық қызмет талабы бойынша алдағы оқу жылында мектептерді ашу шарттарының бірі – мұғалімдер мен қызметкерлерді вакциналау. Бұл бағытта аудан бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. 458 мұғалімнің 328-і екпе алды. Ол 85 процентті құрап отыр. 92 мұғалімге денсаулықтарына байланысты арнайы медициналық шектеу берілді.

Сондай-ақ, мектепке дейінгі 5 мекемедегі 50 қызметкердің 27-і вакцина қабылдаған. 19 адам арнайы шектеу алды. 2 қосымша білім беру ұйымдары бойынша 46 қызметкердің 25-і вакцина алып, 11 адамға шектеу берілді, – дейді білім бөлімінің басшысы.

Хош. Сонымен санитарлық талаптар орындалды. Енді мектептердің әзірлігі кезекте тұр.

Жалпы, аудан бойынша 17 мектеп өз шәкірттеріне есіктерін айқара ашып қарсы алмақ. Оларда 1 930 бала білім алатын болады. Биыл 1-сыныпқа 180 бала келеді деп күтілуде, оның 178-і – қазақ тілінде, 2 оқушы орыс тілінде оқиды.

– Аудан бойынша №3 жалпы білім беретін мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Ғимарат KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жұмыстардың 70 процентін атқарды. Жаңа оқу жылына дейін жұмыс толық аяқталады. Мұның сыртында, Жезді мектеп-интернаты жатақханасының ағымдағы жөндеу жұмыстары 50 процентке, №18 Мибұлақ жалпы білім беретін орта мектебінде ағымдағы жөндеу жұмыстары 60 процентке орындалды.

Қарсақбай кентінде орналасқан №15 тірек мектебі спорт залының ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. №4 Қаракеңгір және №9 Терісаққан жалпы білім беретін мектептеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары 6 тамыздан басталады.

№1 Ұлытау тірек мектебі, №4 және №18 жалпы білім беретін мектептеріне заманауи үлгідегі модульді қазандық орнатылды, – дейді Бағдат Әбдірайымов.

Орайы келгенде айта кетейік, аудандағы мектепке дейінгі мекемелерге де талапқа сай жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Жезді кентінде орналасқан «Айгөлек» бөбекжайындағы жұмыстар 100 процент аяқталды. Ал, Қарсақбай кентінде орналасқан «Балдәурен» бөбекжайындағы ағымдағы жөндеу жұмыстары 50 процентке орындалды.

Жаңа оқу жылына әзірліктің тағы бір маңызды талабы – оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету. Бұл бағытта биыл мектепалды даярлық сыныбы мен 1-сыныпқа оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын сатып алуға 20 млн. 500 теңгеге келісім-шарт жасалынған. Жаңа оқу жылында барлық мектептер қажетті оқулықтармен толық қамтамасыз етілетін болады.

Ата-аналар мен оқушыларды толғандыратын сұрақтардың бірі мектеп формасына қатысты болып отыр. «Эпидахуал шиеленіскен жағдайда білім беру қашықтықтан оқыту форматына ауысып кетсе, тіктірген, сатып алған киімдер тағы да киюсіз қала ма?» деп алаңдайды ата-аналар.

– 2021-2022 жаңа оқу жылында мектеп формасы қара-көк түсті болып бекітілді. Жалпы аудан бойынша 297 оқушыға (267 аз қамтылған отбасынан шыққан оқушыларға 6 млн. 675 мың теңгеге және мектеп-интернатта білім алатын 30 оқушыға 750 мың теңгеге) жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа мектеп формасы алынып беріледі. Сонымен бірге осы 297 оқушы жергілікті бюджеттен бөлінген 1 млн. 485 мың теңгеге кеңсе тауарларымен қамтамасыз етіледі.

«Мектепке жол» акциясы бойынша қазіргі таңда барлық мектептердің әлеуметтік желілердегі парақшаларында үндеулер жарияланып, демеушілер тартуда, – дейді білім бөлімінің басшысы.

Білім және ғылым министрлігі де мектеп формасын оңтайлы шешуге қадам жасап отыр. Салалық министр өзінің Facebook-тегі парақшасында жаңа оқу жылында оқушыларға мектеп формасы міндетті емес, балаларға классикалық стильдегі киімді киюге де рұқсат етілетінін айтып өтті.

– Әрине, мектеп формасы оқушылардың әлеуметтік аражігінің айқындалып тұруына кері ықпал етеді. Яғни, оқушының бәрі біркелкі көрінеді. Оның үстіне, бұл – мектеп әдебінің де басты нышаны. Алайда, елдің Бас мұғалімі мұндай шешімге елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты барғанын айтады. «Қазір еліміздің көптеген аймағында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, Covid-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз», – деді Асхат Қанатұлы.

Екіншіден, министрдің айтуынша, уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу кейбір отбасылардың қалтасына салмақ салуы мүмкін. Сондықтан, егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады, – дейді білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов.

P.S. Сонымен, жаңа оқу жылы осындай жаңалықтармен басталғалы отыр. Ең бастысы, балалардың саулығы басты назарда болады. Ол үшін нақтылы талаптар да қойылған. Атап айтар болсақ, барлық мектепте қызметкерлер мен оқушылардың температурасын өлшеу; қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, кабинеттердің ауасын залалсыздандыру (кварцтау) және дезинфекциялау; білім беру ұйымдарын дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз ету; шектеу шаралары кезінде оқу орындарының сыйымдылық қуаты мен білім алушылардың санына қарай, ауысым мен жұмыс режимін алдын ала анықтау; оқу процесін әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып ұйымдастыру; балалардың дәліздер мен буфеттерде жиналуын болдырмау үшін үзілістерді әртүрлі уақытта өткізу; білім алушылар мен қызметкерлер арасында маска тағу режимін сақтау және бір сыныптың бір кабинетте ғана оқуы.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ