Жаңа оқу ордасы ашылады
Ұлытау техникалық университетін құру туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Аталмыш құжатта «Ұлытау техникалық университеті шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кəсіпорны құрылсын. Кəсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылық жасау жөніндегі уəкілетті орган болып Ғылым жəне жоғары білім министрлігі белгіленсін. Оның қызметінің негізгі мəні – техникалық жəне кəсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі жəне қосымша білім беру саласында білім беру болып айқындалсын», – делінген.
Жалпы, бұл мəселе Ұлытау облысы құрылған күннен бастап күн тəртібіне қойылған еді. Ол жайлы облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы өзінің өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де айтқан болатын.
– Біз де мемлекеттік университетті құру мəселесін көтерген едік. Мұндай оқу орындарының қаражаты көбірек болады. Яғни, жаңа қондырғы алу керек, жаңа оқыту əдісі қамтылуы тиіс. Президент Үкіметке техникалық университет ашу тапсырмасын берді. Жақында Ғылым жəне жоғары білім министрімен сөйлестім. Олар бұл мəселені қарастырып жатқандарын айтып отыр, – деді Берік Əбдіғалиұлы брифингте. Ол сондай-ақ, аталған мəселені шешудің жолын ұсынды.
– Сəтбаевта Қазақмыстың колледжі, политехникалық колледжі жəне Тау-кен металлургиялық колледжі бар. Бұл оқу орындарында біздің балалар білім алып жатыр. Алдағы уақытта техникалық университет ашылатын болса, үш колледжді біріктіріп, бір техникалық жоғары оқу орны етіп бастасақ деген жоспар бар. Үш колледждің негізінде мемлекеттік оқу орны болып құрылса, онда болашақта Үкіметтен үлкен жаңа ғимарат пен жатақхана салу ескеріледі, – деді облыс əкімі.
Міне, осы айтылған мəселе 15 тамызда жүзеге асып отыр. «Қазақстан Республикасы Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің «Ұлытау техникалық университеті» шаруашылық жүргізу құқығында республикалық мемлекеттік кəсіпорын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданды.
– «Ұлытау техникалық университеті» еліміздің Тəуелсіздігі жылдарында құрылған алғашқы мемлекеттік университет екенін ерекше атап өткен жөн. Биыл білім беру бағдарламаларын əзірлеу, лицензия алу жəне аталған жоғары оқу орнын жарақтандыру бойынша жұмыстар басталады. Ал, 2024 жылдан бастап жаңа техникалық оқу орны алғашқы студенттерді қабылдай бастайды. Сонымен қатар, бас жоспарға сəйкес қаланың жаңа бөлігіндегі 30 га аумағында университеттің жаңа кампусын салуға жер анықталды. Канадалық серіктестермен бірлесіп, өңіріміздің жастары үшін білім беру жəне ғылыми бағдарламаларды іске асыру бойынша шаралар қабылдануда, – дейді өңір басшысы өзінің «Фейсбук» əлеуметтік желісіндегі парақшасында облыс жұртшылығын жаңа оқу орнының ашылуымен құттықтай келіп.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.