Жаңа кәсіп бастау алды

Бүгінде еңбек етіп, кәсіп жасаймын деген адамға көп мүмкіндік бар. Нарықтың заңдылықтарын зерделеп, кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға мемлекеттік бағдарлама, жеңілдетілген несиелер де көп. Берілген мүмкіндікті мүлт жібермей, кәсібін дөңгелетіп отырған жандар баршылық. Сондай азаматтардың бірі – қарсақбайлық Әлібек Жұмабекұлы Байтонов.

5 миллион теңге қайтарымсыз грант алып, Шымкент қаласына барып, тротуар тастарын шығару үшін даярлық курсын оқып келген кәсіпкер бүгінгі күні Қарсақбай кентінде тротуар тастарын шығаратын шағын цех ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы жақында Қарсақбайға арнайы барып, жаңа кәсіптің тынысымен танысып қайтты. Өңірдің өрісін кеңейтетін өндіріс ошақтарының көбеюі қуантатынын айтып, кәсіпкердің бастамасына сәттілік тіледі.

Қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған цехта қазіргі уақытта тротуар плиталарының 14 түрі дайындалады.

Кәсіпкер болашақта ғимарат алып, шаруаны одан әрі жетілдірмекші. Себебі, тұтынушылар тарапынан сұраныс артып, құрылыс саласында қызмет ететін кәсіпорындар тарапынан арнайы тапсырыстар да түсіп отырған көрінеді.

Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.