Жаңа көліктер табысталды
Тəуелсіздік мерекесі аясында Ұлытау ауданының ветеринариялық пункттері жаңа қызметтік автокөліктермен толықтырылды. Автокөліктерді табыстау рəсімі Ұлытау ауданы əкімдігінің аумағында өтті. Сегіз автокөлік кілтін аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ пен облыстық ветеринария басқармасының басшысы Əбусағит ƏБДІКЕР табыс етті.
Аудан əкімі Аманжол Батырбекұлы ветеринария саласының қызметкерлерін ұлық мерекемен құттықтап, олардың аудан аумағында қол жеткізген жетістіктерін тілге тиек етті. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Əбусағит Түгелбайұлы да ветеринария мамандарының бүгінгі жетістіктері туралы тартымды əңгіме қозғады.
– Тəуелсіздік мерекесі күні ветеринария пункттерінің мал дəрігерлеріне жаңа көліктерді табыстауды жөн көрдік. Аудандағы төрт түлік малды жұқпалы аурулардан сақтау үшін оның алдын алу үшін əркез ветеринария пункттерінің мамандары сақадай сай болу керек. Осы ретте көліктердің рөлі зор деп есептеймін, — дейді облыстық ветеринария басшысы.
Су жаңа көліктер Борсеңгір, Мибұлақ, Сарысу, Аманкелді, Қаракеңгір, Қоскөл жəне Шеңбер ауылдық округтерінің ветеринариялық пункттеріне табысталды. Бұл көліктер облыстық бюджеттің 2023 жылға арналған эпизоогияға қарсы іс-шараларды орындауға бөлінген қаражат есебінен алынып отыр. Жалпы, көлік саны сегіз болғанымен, оның үшеуі «Уаз» (Патриот Профи) жəне бесеуі «Уаз» (Патриот Пикап) көліктері.
Алдағы уақытта осы көліктер мал шаруашылығымен айналысатын аудан тұрғындарына халық игілігі үшін қызмет ететін болады.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.