Жаңа ғимарат – жарқын болашақ үшін

Сәтбаевтағы Оқушылар сарайы қазанда қолданысқа беріледі. Осылайша, Ұлытау облысындағы құрылысы тұралап қалған тағы бір ғимараттың мәселесі биыл оң шешімін таппақ. Нысан қазіргі уақытта 70%-ға дайын. Оқушылар сарайы болуы тиіс құрылыстың қалған 30% жұмысы мен абаттандыру ісін орындау үшін жақында жаңа мердігер анықталды. Бұл жайында өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Жолдыбаевтың Сәтбаев қаласына жұмыс сапары аясында айтылды.

Аумағы 3000 шаршы метрге жуық нысан құрылысы аяқталғаннан кейін қазіргі қолданыстағы оқушылар үйі толықтай жаңа ғимаратқа көшіріледі.

Алдағы аптада мердігер ұйым «CK NEW CITY» тарапынан жұмыскерлер мен техникаларды жұмылдыру жұмыстары басталады.

«Құрылыс жұмыстарының уақытылы, сапалы жүргізілуін қадағалауда ұстауды тапсырамын. Арнайы келетін мамандардан бөлек, өңір азаматтарының да жұмыспен қамтылуына жағдай жасалсын» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Сонымен қатар, нысанды аралауға Сәтбаев қаласының қоғам белсенділері де қатысты.

Айта кетейік, былтыр аталған нысанды Ұлытау облысының балансына алу, техникалық тексерістен өткізу, жобаға өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілген болатын.