Жүрсін Ерманға – Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілді

Қазақ әдебиеті мен айтыс өнерінің абызы Жүрсін Ерман «Қазақстанның Халық жазушысы» атағына ие болды. Қуанышты жаңалықты Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі 18 ақпан күні ресми түрде хабарлады.

Жүрсін Ерман – ұлттық поэзияда өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті ақын, белгілі журналист, қазіргі айтыс өнерінің қайта жаңғырып, жүйелі түрде дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұйымдастырушы тұлға. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың екі мәрте иегері. Ақын шығармашылығында туған жерге тағзым, елдік рух, ұлттық болмыс пен тарихи сабақтастық кеңінен көрініс табады.
Айтыс өнерін тележоба деңгейіне көтеріп, жас ақындардың танылуына жол ашқан Жүрсін Ерман қазақ мәдениетінің дамуына ерекше еңбек сіңірді. Оның бастамасымен ұйымдастырылған республикалық айтыстар халықтың рухани өмірінде айрықша орын алды.
Қазақстанның Халық жазушысы атағы – әдебиет пен мәдениет саласына өлшеусіз үлес қосқан қаламгерлерге берілетін ең жоғары марапаттардың бірі. Бұған дейін бұл атаққа Төлен Әбдік, Смағұл Елубай, Бексұлтан Нұржекеұлы, Софы Сматаев, Ахметжан Аширов, Любовь Шашкова, Темірхан Медетбек, Валерий Михайлов, Исраил Сапарбай, Марфуға Айтхожина және Ғаббас Қабышов сияқты көрнекті қаламгерлер ие болған.
Бұл марапат – Жүрсін Ерманның қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан өлшеусіз еңбегінің лайықты бағасы. Ұлытау өңірі үшін де бұл – үлкен мәртебе. Себебі, ақын шығармашылығы мен айтыс өнеріндегі қызметі ұлттық рухты көтеріп, жас буынның әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға ықпал етіп келеді.
Жаңа атақ иесіне шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілейміз. Қазақ сөз өнерінің абызына көрсетілген бұл құрмет – ұлт руханиятына көрсетілген құрмет.

Ізбасар ОЙБАС.