Жүректегі соғыс сызы
Мен Қадыр ҚҰЛАХМЕТ – 1970 жылы оңтүстік шекара Хоргос ұрыс аймағы, Панфилов (Жаркент) қаласында әскери атқыштар құрамында взвод командирі болып әскери қызметімді өтедім. Целиноград ауылшаруашылық институтын бітірген соң, 1969 жылы Байқоңыр совхозында еңбек жолын бастадым. Жезді ауданының ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім. Мамандығым ғалым зоотехник, мал дәрігері. 1979 жылы ауылшаруашылығы саласына сіңірген еңбегім үшін БХШЖК-нің (ВДНХ) күміс медалімен марапатталдым. 2023 жылы Құлахметовтер әулеті Ұлытау ауданы бойынша «Мейірлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды. Облыстық байқаудың екінші орын жүлдегері.
Адамзаттың басына үлкен нәубет пен қайғы-қасірет әкелген кешегі Екінші Дүниежүзілік соғыс біздер үшін Ұлы Отан соғысы. Ол аты жаман қорқынышты «Монтан» жылы, жан-жаққа уын шашқан Герман Фашизмі Европадан басталып, дүниежүзіне ойран салғаны тарихтан белгілі. Сол соғыста Кеңестер Одағынан 60 миллиондай адам шығыны болса, оның құрамындағы бізге Қазақстанға тиесілі 1 млн 200 мыңдай сарбаз. Отан қорғау жолында жандарын пида етіп, талай үйдің шаңырағы құлап, талай ана жесір, талай бала жетім қалып, баласынан, жалғызынан айырылған аналардың зарлы дауысы ауаға, көз жасы сол жердің топырағына сіңді ғой.
Мен соғыстың не екенін біліп өскен, кешегі қызыл әскерінің баласымын, бүгіндері жығылмай қалған шаңырақ иесі. «Орнында бар оңалар» дегендей алғашқы Жеңіс тойын 1945 жылы ауылда бес жасымда тойлағанын көрдім. Енді міне, Ұлы Жеңістің 80 жылдық тойының куәгері болып отырмын. Осы аралықта кешегі майдангер әкелерімізді еске алып, естелік жазу ойымда еді.
«Соғыс-соғыс басталды» деген қандай аты жаман үрейлі, кешегілердің аузынан шыққан сөз ғой. Бұл адам шығыны болатын үлкен қарулы қақтығыс, саясаттың жалғасы. Бұған Германия әскері бес қаруын сайлап, үлкен дайындықпен келген. Олар сол замандағы ең озық үлгідегі соғыс техникалары мен ең алдыңғы қатардағы жетілген отты қарулармен қаруланған. Мылтық, автомат, пулеметтен бастап, зеңбірек, миномет, гранаталар, әлі ешбір елдің соғыс қаруына кірмеген ФАУ-1, ФАУ-2 бомба тасығыш ракеталар, жерде танктер мен сауытты техникалар, көкте қаптаған ұшақтар болса, бұлар «Барбаросса» жоспары бойынша, бірбірімен үйлескен түрде бейбіт тыныш жатқан Кеңестер Одағына тұтқиылдан опасыздықпен жасаған шабуылы. Бұл нағыз неміс фашизмі, екі қоғамның саяси текетіресі 1941 жылы басталып, 1945 жылы аяқталды.
Енді өзімізге келер болсақ, кешегі Кеңестер Одағының құрамындағы қазақ елі, бұрындары да көп қиындық көрді. 1916 жылғы Ақ патшаның июнь жарлығы, оның жазалаушы отрядымен қақтығыс, артынша қазан төңкерісі, одан большевиктердің қуғын-сүргіні, кешегі Сталин мен Голощекиннің әдейі қолдан жасаған ашаршылығы. Осының бәрін бастан кешкен қазақ балалары есін жия бастағанда Ұлы отан соғысы басталды. Бұл соғыс біздер үшін бәрінен де асып түсті. Осының бәрі біздің өсіп-өнуімізге, демографиялық көрсеткішімізге кері әсерін тигізген факторлар болды.
Әкелер рухына тағзым
Мұны жазып отырған мен кешегі Қызыл Әскер отбасынан, бүгіндері сексеннің сеңгіріне шыққан қариялардың бірімін. Біздің рулық шежіремізде Қыпшақ-Малтабар, соның Ақсақал әулетіне жатамыз. Ақсақалдан төртеу; Түгелбай (менің атам), Кемелбай, Тоқтарбай, Ізімбай. Міне осы әулеттің төртеуінен алты адам майданға аттанып, солардың біреуі де елге оралмаған. Оларды Жоғарғы әскери комиссариаттан іздеу салып сұрағанымызда алған жауабымызда, бұлар түгелдей сауатты адамдар болғандықтан, іштерінен кіші командирлер дайындағанға ұқсайды. Кешегі ауыл балалары осыны қалай лезде меңгерген деп ойлайсыз.
Токтарбаев Тулеген Аксакалович – 1922 г.р. Лейтенант. Командир огневого взвода (артиллерия), ком. ВЛКСМ. Убит 10.09.1944 г. (қай жерде өлгендігі белгісіз).
Изимбаев Шалау – 1913 г.р. Гв. Лейтенант, командир танковой бригады. Гл. ВКП(б). Убит 18.08.1943 г. Бұл да солай.
Тугельбаев Бектай (Әкемнің інісі) –1917 г.р. Командир развед. отряда ст. Сержант Гл. ВКП(б). Убит от ран 14.07.1942 г. (Бұл кісі 1938 жылы Фин соғысына шақырылып, мына соғысқа 1941 жылы кіріп, Ленинград майданында болыпты. Үйге қаралы қағаз келіпті).
Кемелбаев Абдикарим – 1941 жылы Байқоңырдан шақырылған, содан хабар-ошарсыз кеткен. Тугельбеав Кулай (Құлахмет)– 1908 г.р. Призван в 1942 году, Улутауский район, к-з имени Амангельды. Солдат, стрелок, чл ВКП(б). В марте без вести пропал. (Артында шешесі, әйелі, төрт жас бала қалған. Соның бірі мен).
Изимбаев Шилмаганбет – 1908 г.р. Призван из Джезказганского района, п. Байконур. Солдат, стрелок. Чл.ВКП(б). Считать пропавшим без вести в марте 1943 года. (Артында әйелі Сәлима мен екі жас бала қалған).
Кейінгі екеуінен басқалары үйленбей кеткен боздақтар. Сол уақытта мынандай саясат болғанға ұқсайды: үйленген отбасылы артында қалған бала-шағасы бар сарбаздарға «без вести пропал»-деген штампыны қоя берген сияқты. Бұл барлық тізімнен байқалады. Себебі, асыраушысынан айрылған бап бойынша, олардың отбасына ақша, т.б. қаражаттан көмек бермеудің бір айласы болған шығар. Мысалға, біз ешқандай көмек көргеніміз жоқ, басқалары да солай.
Құлахмет пен Бекбайдың шешесі әжем кешегі дала комиссары Әліби Жангелдиннің жақын апасы болатын. Кеш болса болды түндікті жауып алып, осы балаларының аттарын жырға қосып жоқтап, ең болмаса біреуі де елге жаралы болып келмеді-ау деп жоқтайтын-ды. Сол көп жыластан, көп жоқтаудан көзі көрмей қалды. Кей кезде жұлынып «Құдай мені алмайсың ба» деп өз-өзіне қол жұмсауға дейін баратын. Біз үйде әжеміздің, сыртта шешеміздің зарлы дауысын, солардың көз жасын көріп өскен балалардың біріміз. Олар «өлді» деуге қимайтын шығар балаларына арнап құран оқытпайтын-ды. Бұл тарих қойнауына сіңіп, ұмытылып бара жатқан біздің өңірлік тарихымыз.
Осы мақалада әкемізбен бір ауылдан майданға шақырылып, хабар-ошарсыз кеткен жерлестеріміз туралы да айта кеткенді жөн санадым. Ол мына төмендегі аты аталған адамдардың фамилияларын алып жүрген солардың балалары, немере-шөберелері білсе екен деп жазып отырмын. Бұлар көп оның ішінде өзім танитындарымның ғана тізімін жазбақшымын.
Қазір жылдар өтіп, бұл соғыс алыстаған сайын мына батыс елдері бұл соғыстың өзін пайдаларына бұрып, тарих тегерішін кері айналдырып, Европаны фашизмнен азат еткен біздерміз, – деп жар салуда. Бұл қате пікір.
Тек өткенге салауат, бүгінге қанағат – деп шүкіршілік жасаудан басқа амал жоқ. Ең бастысы, батыр бабаларымыздың жанқиярлық қаһармандық ерлігін өскелең ұрпақ бойына сіңіре білсек, соның өзі – парызымыздың өтелгені. Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлеріміздің ерлігі – ұрпаққа мұра.
Қадыр ҚҰЛАХМЕТ,
еңбек ардагері.