Жұмыстардың кестеге сай жүруін қадағалады
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жұмыс барысымен Жезқазған қаласында құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысанға ат басын арнайы бұрды.
Өңір басшысы алдымен Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты үшін құрылысы басталған жатақхана орынымен танысты. Алашахан 43 мекенжайында орын тебетін 200 орындық оқушылар үйі — 6273 ш.м құрайтын болады. Биыл нысанның іргетасы қаланбақ.
Аралау жұмысы барысында Берік Әбдіғалиұлы Тарадай көшесі пен Айбасов көшесінің қиылысындағы су құбыры желілерін жаңғырту, жол жөндеу жұмыстарын қадағалады. Бұл орында жалпы асфальтталатын алаң — 2 280,6 шаршы метр. Тротуардың жалпы ауданы 390,96 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі таңда мердігерлік ұйым борттық тастарды фрезерлеу және орнату жұмыстарын аяқтады. Өңір басшысы су құбыры желілерін реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды жеделдетуді, асфальт төсемінің сапасы мәселелерін ерекше бақылауға алуды қатаң тапсырды.
Аймақ басшысы облыс орталығындағы Раскова көшесінің бойында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарын назардан тыс қалдырмады. Аталған орында жаңа автотұрақтың да жұмысы қолға алынған. Берік Әбдіғалиұлы кварталішілік жолдарды жөндеуді кестеге сай жүргізумен қатар, аулаларда тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерді жаңартуды тапсырды.
Облыс орталығында биыл 39 ойын алаңы қолданысқа берілетіні белгілі. Осыған орай Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Ғарышкерлер көшесінде орналасқан балалар алаңы мен футбол алаңын да арнайы бақылады. Өңір басшысы осы жылдың 1 шілдесіне дейін 3 балалар алаңын қолданысқа беру керектігін жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімі жұмыстарды жүргізу барысында тұрғындарға дұрыс ақпараттар берілуін және нысандардың паспорты мен эскизі болуы міндетті екенін айтты.