Жұмыс деңгейі жете талданды
Алғабас ауылдық округі әкімі Азамат КАРЕНОВТЫҢ халыққа есеп беруі ұтымды ұйымдастырылды. Оған аудан әкімінің орынбасары Бағдат БАЙЖАНТАЕВ, аудандық полиция бөлімінің бастығы Еркебұлан БАЙЗАҚОВ, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади ОБАЙДУЛЛИН, аудандық көпсалалы коммуналдық мекемесінің директоры Талғатбек СЕРІКБАЕВ арнайы барып қатысты.
Ауыл әкімі атқарылған жұмыстарды талдап айтып берді. Соның бірі – 80 балаға арналған екіқабатты жаңа мектептің пайдалануға берілуі. Оның құрылысы 2014 жылы басталып, мердігердің салғырттығы салдарынан тоқтап қалған. Өткен жылы аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлының тікелей араласуымен демеушілер арқылы жұмыстар жалғасып, 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Мектеп заман талабына сай жабдықталып, оқушыларға барлық жағдайлар жасалған.
Аудан әкімінің жас кәсіпкерлерге арналған қайтарымсыз грантын жеңіп алған ауыл тұрғыны Бахтияр Қуандықов шағын наубайхана ашып, жерлестерін ыстық нанмен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, грант аясында іске қосылған шаштараз бен тігін цехы халыққа тиімді қызмет көрсетуде. Иесіз тұрған ескі үйлер алынып, орындары тазаланған. Теле-2 байланыс операторының қызметі қосылып, үйге интернет желісі тартылған.
Кездесу кезінде Бағдат Тілеуліұлы ауыл әкіміне жұмыссыз адамдарды шаруа қожалықтарындағы еңбекке тарту, медициналық қызмет сапасын арттыруды тапсырды. Заңнама талабымен кәсіпкерлерді тіркеуден өткізіп, жергілікті бюджетке түсім түсіру жайын қарастыруға назар аударды.
Бұдан кейін аудандық полиция бөлімінің басшысы Еркебұлан Байзақов пен аудандық көпсалалы коммуналдық мекемесінің директоры Талғатбек Серікбаев өздері жауапты бағыттар бойынша әңгімелеп, тұрғындардың сұрақтарына жауап қайтарды.
Есепті кездесуден кейін аудан әкімінің орынбасары фельдшерлік-акушерлік орталыққа барып, жай-күйін бағамдады және жұмысты жүйелі жүргізуге қатысты нақты тапсырмалар берді.
Жасұлан АЯШЕВ