Жүйріктер жетпіс шақырымды бағындырды
«Түбіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін қазақ атамыз тұлпарды ерекше қадірлеген. Бүгінгі дүниежүзі Алаш баласын арғымақты алғаш ерттеген ел деп таниды. Қазақ даласында ежелгі Ботай қонысында жылқының қолға үйретілгені археологиялық қазбалар арқылы дəлелденді. Сол көшпенді бабаларымыздың заңды мұрагері ретінде ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында елімізде тың жоба қолға алынып жатыр. Соның бірі өткен жылы жиырмадан астам жүйрік қатысып, 1200 шақырымға шапқан «Ұлы дала жорығы» марафон-бəйгені көзі қарақты оқырман əлі ұмыта қоймаған шығар.
Осы 1200 шақырымды 12 күнде жүріп өткен шабандоздардың қатарында Ұлытау облысының да жүйріктері болды. Марафоншылар Ұлытау ауданының тарихи орындарында болып, сол өңірдің жұртшылығымен жүздескенінен де ел хабардар.
– Бір өкініштісі, бұл марафон-бəйгеге Ұлытау ауданынан мықты аттар қоса алмай қалдық. Уақыт тым тығыз, дайындығымыз əлсіз болды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл өзіміз мұрындық болып, Ұлытау ауданының аумағында осындай «Ұлы аламан» деген атпен бəйге ұйымдастырдық. Оның қашықтығы 70 шақырым болды. Бəйгеге Ұлытау ауданының ауылдары мен ауданымызбен қоңсылас жатқан Жезқазған, Сəтбаев қалаларынан да сəйгүліктер қатысты. Жарыс өте қызықты, əрі тартысты өтті, – дейді Ұлытау аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин.
Сонымен, өткен сенбі күні ауданымызға қарасты Мибұлақ ауданымен шекаралас жатқан, ел ауызекі «Наташкин село» атап кеткен шайханадан Жезқазған қаласына дейінгі аралықтағы 70 шақырым қашықтықта марафон-бəйге өткізлді. Марат Төкенұлы айтып өткеніндей, бұл бəйгеге Ұлытау ауданы мен Жезқазған жəне Сəтбаев қалаларына 14 жүйрік қатысып, өзара бақ сынасты.
Негізі мұндай бəйге қазақ даласында сонау ықылым заманнан бері өткізіліп келеді. «Хан кеңесі» кезіндегі əңгімелерді былай қойғанда кешегі «Сағынайдың асы» деген атпен тарихта қалған сан түрлі ас-жиындарда қазақтың мен деген жүйріктері осындай ұзақ қашықтықтағы бəйгелерде сыналып, танылған. Батыраштар мен Қотыраштар қазақтың атын шығарған тұлпарлардың жолын сондай алысқа шапқан жолдарда торығанын да оқыдық.
Кейбір тарихи деректер мен кинолардан Араб елдерінде де осындай алысқа шабатын аламан бəйгелер өткенін оқып көріп жүрміз. Тек соңғы жылдары, əсіресе кеңес өкіметі орнағаннан кейін жүйріктер ипподромда шауып, аламандар айналымдардың шеңберінде қалып қойды. Енді міне, сол кемшін қалған тұстарымызды түгендеп, олқылықтарымыздың орнын толтыруға күш салып жатырмыз. Осы арқылы бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық дəстүрлерімізді, ұлттық ат спорты түрлерін түлете бастадық. Оған да шүкір.
Сонымен, 70 шақырымға шапқан шабандоздардың марафон-бəйгесі өткен сенбіде өтті. Оны тамашалап, қызықтауға барған ел қарасы да аз болған жоқ. Бозала таңда шапқан аламан сəске ауа Жезқазғанға жетіп тізгін тартысты. Жетпіс шақырымның мəресіне алғашқы болып жеткен Медет Əбеновтың тұлпары иесіне заманауи мотоцикл тарту етсе, екінші болып жеткен Бекзат Құттыбековтың тұлпары 250 мың теңге иеленді. Ал, жүйрігі үшінші болып жеткен Нұрсұлтан Мырзақадыровқа түрлі-түсті теледидар табыс етілді.
– «Ұлы аламан» бəйгесі негізінен Ұлытау облыстық «Жорық» ат спорты федерациясының, Ұлытау облыстық «Бəйге» ат спорты федерациясының жəне біздің, Ұлытау аудандық дене шынықтыру мен спорт бөлімінің ұйытқы болуымен өткізіліп отыр. Бəйгеге демеушілік те осы федерациялардың күшімен жасалды. Мəселен, бірінші орынға берілген мотоциклді Шəкірғали Темірбеков əперсе, екінші орынның жүлдесін «Жорық» ат спорты федерациясы тағайындады. Үшінші орынның бəйгесін біздің спорт бөлімі алып отыр. Келешекте Ұлттық ат спортын дамыту, оларды қолдау мақсатында ауқымды жұмыстар жасайтын боламыз, – дейді Марат Оразалин.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ