Қорамсақ
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығындағы құнды жәдігерлерінің бірі – қорамсақ. Бұл – Алтын орда дәуіріне тән жәдігер.

Қорамсақ – орта ғасырларда көшпелі халықтардың садағының жебесін салып жүретін жабдығы. Алғашқыда оны қайыңның тозынан жасаған. Ал, XIV–XV ғасырларда көшпелі түркі-монғол халықтарында қорамсаны теріден, матадан жасаған. Осыдан бастап, қорамсақ деп аталатын жаңа түрі қолданысқа енген. Қазақ қорамсақтары теріден, матадан тігіліп жасалып, іші үш бөліктен тұрады. Оның оң жақ қыры, сол жақ қыры және түбі болады. Ұзындығы 50–60 см, ені 15–20 см құрайды. Садақ жебелері қорамсақта түзу орналасуы үшін кейде қорамсақтың аузына қайыстан өрме жасалып, оқтар осы тесіктерінен өткізіліп, басы төмен қаратылып салынады. Қорамсақ жасауға терінің барлық түрі пайдаланылады. Мәселен, былғары, көн, сақтиян, көксауыр қолданылады. Ал, қорамсақтың бет жағы теріге баспалау әдісімен өрнекпен бедерленіп, алтын, күміс, жез жапсырмалармен әшекейленеді. Матадан тігілген қорамсақтардың беті түрлі-түсті жібек жіптермен кестеленеді. Әдетте, садақ пен қорамсақ бірдей материалдан жасалып, біркелкі әдіспен көркемделеді. Оқ салынған қорамсақ жауынгерлік белдікке садақпен бірге, оң жақтан аузы кейде артқа, кейде алға қаратылып тағылады.
Бұл жәдігер 2010–2014 жылдары «Бұланты шайқасы» экспедициясы барысында табылды. Сондағы экспедиция құрамында археолог Э. Усманова, археолог-топограф А. Суслов, геолог-геоморфолог С. Перевозов, этнограф Е. Оразбек, әскери дала іздеушісі С. Колесников, «Ұлытау» музей-қорығының қызметкерлері: Б. Қожахметов, М. Әбдікәрімов, Л. Сембинова, А. Искаков, Е. Омаров, В. Крюков, А. Байдилдинов, Б. Нысанбаев, Б. Акпаров және басқалар болды. Негізгі зерттеу жұмыстары Бұланты мен Білеуті өзендерінің аралығындағы аумақта шоғырланған шайқас орындарының бірі – Қарасері шатқалынан бірнеше қорымдардың табылуына байланысты жүргізілді. Бұл қорымдар Алтын орда дәуіріне тиесілі екені анықталды. Қабірдің 1727 жылғы «Бұланты шайқасы» оқиғасына еш қатысы жоқ екені, бірақ XIII ғасырдың соңы – XIV ғасырдың басында Жошы ордасына қатысты, Алтын орда дәуірінде өмір сүрген жауынгерге тиесілі екені анықталды. Қабір ішінен қазба жұмысы барысында қайың ағашының қабығынан жасалған қорамсақ табылды. Оның ұзындығы 37 см, ені 15 см болды. Осы қорамсақпен бірге қабір ішінен ғұрыптық қоңырау, темір қарудың, ат әбзелінің қалдықтары, сүйектен жасалған жебелер және будда бейнесі салынған тас табылды. Бұл жәдігерлерді зерттеу нәтижесінде 1260–1300 жылдарға тиесілі екені анықталды.
Қымбат МАҒЗҰМОВА,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының экскурсия жетекшісі.

