Заң мен тәртіп – әділеттіліктің белгісі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының басшылығымен өткізген кеңесте «Заң және тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы керек екенін ерекше атап көрсеткен болатын.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесте «Заң және тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы қажет екенін атап өтті. Президент: «Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – деді. Заң алдында бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуі тиіс. Барша азамат барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тыйым салынады. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз», – деп атап көрсетуінің өзі мемлекетіміздегі тыныштық пен азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беруін айқын аңғартады.
Шынында, заң мен тәртіп – мемлекет пен қоғам өміріндегі әділеттіліктің белгісі. Әділетті қоғамда заң теңдік пен тәртіптің кепілі болып табылады. Заңның сақталуы қоғамда жауапкершілікті әрбір азаматтың саналы түрде сезіне білуінен және оны мүлтіксіз орындауынан байқалады. Құқықтық мемлекеттегі әділеттілік барлық әлеуметтік қатынастардың заңмен реттелу деңгейімен айқындалады.
Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпке бағынған құл болмайды», – дегеніндей, барлық ортада әрбір азамат өзін әдепті, мәдениетті, тәртіпті ұстаса, мемлекетте тыныштық орнап, істеген істе береке болып, адамдар арасында татулық орнайды. Ол үшін алдымен азаматтарымыздың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін жаңа сапалық деңгейде көтеруіміз керек.
Қазіргі қалыптасып отырған жағдайда көшедегі келеңсіздіктер мен ұсақ құқық бұзушылықтан бастап кез келген қылмыстық құқық бұзушылықтың қай түріне болмасын бүкіл қоғам болып ымырасыз күрес жүргізуді Президентіміз дер кезінде көтеріп отыр.
Заң мен тәртіп тұжырымдамасы бойынша құқық бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбеушілік танытып, оны қатаң айыптайтын ахуалды мемлекетте қалыптастыра білуіміз қажет.
Мемлекет пен қоғам дамуының кепілі болып саналатын заң мен тәртіпті басты құндылық ретінде ұстанып, елімізде әділеттілік пен тұрақтылықты орнықтыруға әр азамат өз үлесін қосуға міндетті.
Ақнұр ДОМБАЕВА,
Ұлытау аудандық сотының сот әкімшісі басшысы.

