Әз Наурыз, Төрлет төріме!

Наурыз – даланы кезген Қыдыр Самарқанның көк тасын ерітіп, тобықтай мұз, тоқымдай қар қалмай, табиғаттың оянатын сәті. Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтау Тәңірлік танымнан бастау алады. Наурыз – ата-бабамыздың даңқын дәріптеген дәстүрлі мейрам. Бүгінгі биік рухымыздың да, мәдениетіміз бен өнеріміздің де өзегі осында. Наурыз жер бетіндегі тіршілік атаулыны ұйқысынан оятып, жақсылық пен құт берекенің көзін ашып, күн мен түн теңелген күн. Елді бірлікке үндеп, ынтымаққа жұмылдыратын күн. Наурыз мейрамы – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы. Тарихи тамырын тереңнен тартқан Наурыз мейрамы қай кезде де, қай заманда да еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі болып келген.

Наурыз жер бетіндегі ең көне мейрамдардың бірі ғана емес әлем бойынша кең көлемде аталып өтілетін мерекелердің бірегейі. Бес мың жылдық тарихы бар бұл мейрам Мексика, Иран, Ауғанстан, Бирма секілді елдерде жоғары деңгейде аталып өтілсе, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Албания, Қырғызстан, Моңғолия, Македония және Түркия елдерінде мемлекеттік мереке ретінде тойланады.

Күн мен түн теңесетін бұл мейрамды аталмыш халықтарда түрліше аталғанымен негізі бір: Наурыз мейрамы – жыл басы, көктем мерекесі ретінде аталып өтіледі. Мәселен, Наурыз мейрамын түрік бауырларымыздың арасында «Невруз байрам», «Невруз Султан» сияқты аттармен танылған. Қазақтар секілді түрік ағайындар да Наурызға алдын-ала дайындалып, жақындары мен көршілеріне сый жасап, дәмдер үлестіреді және жақсы амалдар жасауға тырысады. Түріктер бұл күні жанып тұрған алаудың үстінен секіріп бойларындағы жаман энергия, ауру-сырқаудан арылып аласталады. Бірақ кейінгі кездері бұл дәстүр жаппай отшашулармен алмастырылып келеді.

Бүгінде басқаша сипатта тойланып жүргені болмаса көне замандарда әз-Наурыздың теологиялық-мифологиялық мазмұнына ерекше маңыз берілген. Әрбір халықтың ғұрыптық, жоралғылық өзіне тән дәстүрлік рәсімдер сақталды. Мәселен, ежелгі Грек тарихшысы Квинт Руфтың (б. з. д. І ғ.) «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде көшпелілердің наурыз тойлау дәстүрін былай суреттеп кеткен: «Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балаларды саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған» деп жазатыны бар.

Ал қазіргі қазақ қоғамындағы наурыз тойы сәл басқашалау сипатқа көшкен. Тіптен датасы да өзгеше. Бертінге дейін аталарымыз әз-Наурызды 9-14 наурыз аралығында атап өтетін болған. Батыс өңірі наурызды 14-нен бастап тойлап «Көрісу» күні деп атайтыны осыдан қалған белгі болса керек. 1918 жылы еуропалық күнтізбе жүйесіне өтуіміз себепті бұрынғы есепке 13 күн қосылып кеткен. Осылайша біз қазір Наурызды 22 наурыз күні тойлап жүрміз. Әрі бастапқы формасы да ұмытылып көп мерекенің бірі ретінде ғана аталып өтілетін болып жүр. Аталарымыз бұл мейрамды сегіз күн (тағы бір деректерде 9 күн) тойлайтын болған. Оны мына деректерден білуге болады: Қазақтың ғұлама ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурызнама өтетінін айтады. Ол ескіше: 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», – деп жазады.

Наурыз мейрамы дегенде кез келген халық өзінің ұлттық тағамын еске түсіреді. Мысалы, қазақ бұл мерекеде арнайы «Наурыз көже» пісіреді. Ал өзбектер «Сумалақ», ауған халқы «Хафтмева» жасайды. Бұларды бір ғана нәрсе байланыстырады – бәріне де жеті түрлі тағам қосылады. Ал Әзірбайжанда бұл күні «Хафт син» жасалады. Оған «с» әрпінен ғана басталатын жеті тағам қосылады екен. Ал кей елдерде Наурыз күні жұмыртқаны түрлі түске бояп, дастарханға қояды.

Ұлыс күнi – татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенiм, көңiл мерекесi. Қыс қылышынан аман қалған жұрт бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi. Көңiлдiң жаңаруы деген осы емес пе? Таң атқаннан бастап таныстарының үйіне кіріп, құтты болсын айтады, аулаларын кір-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады, гүл егеді. Әр жерде ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, ән шырқалады, би биленеді, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.

Әр үйдің дастарқанына ақтан (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән тағамдары мен жеміс-жидектер) және қызылдан (еттен жасалатын тағамдар) жеті түрлі дәм қойылады. «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата – үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын!» деп бата береді.

Тәуелсіздігіміздің арқасында қайта жаңғырған, дәстүрімізді дәріптеп, асыл мұраларымыздың бедерін айшықтауда орны ерекше бұл мереке қазақ халқы үшін жақсылықтың бастауы бола бергей!

Альмира ОСПАН