Қызылша дерті: Ұлытау облысы – «жасыл» аймақта
Қазіргі уақытта облыс бойынша кесел жұқтырған 99 адам бар, оның 46-сы стационарлық бөлімде ем алуда. Бұл жайында Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде айтылды.
Сондай-ақ жиында өңір басшысы онкологиялық орталықтың Жезқазғандағы көпбейінді ауруханадан дербес болуы шарт екенін жеткізді.
«Облыс орталығында онкологиялық аурухананың болуы – бірінші кезекте халықтың сұранысы. Бұл – өте өзекті тақырыпқа айналып тұр. Кадр тапшылығы мәселесін шешіп, толық жабдықтау жұмыстарын жүргізуді дереу қолға алуды тапсырамын. Өңірде қатерлі дерттің көбейіп тұрғанын ескерсек, өз бюджеті бар бөлек орталықтың болуы шарт» – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Ұлытау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранованың баяндауынша қатерлі дерттерді емдеуге арналған толық жабдықталған арнайы орын 2025 жылы ашылады.
Сонымен қатар аппарат кеңесінде шалғай елдімекендер тұрғындары үшін биыл 9 фельдшерлік-акушерлік пункттің қолданысқа берілетіні айтылды. Оның 4-еуінің құрылысы былтыр, бесеуі биыл басталған болатын.