ҚЫС – ҚЫР АСТЫНДА әзірлігіміз қандай деңгейде?

Енді аз ғана уақыттан кейін жылу беру маусымы басталады. Бұл – коммуналдық шаруашылық саласы мамандарының жаз бойы атқарған жұмыстарының сараланар шағы. Яғни, тұрғындарды жылумен, сумен, электр жарығымен қамтамасыз ету бағытында олар қапысыз қамданыс жасай алды ма? Бүгінгі әңгімеміз осы тақырыпта өрбімек.

«СҰЛУЫНАН – ЖЫЛУЫ»

Ұлытаудың қысы қатты екені бесенеден белгілі. Өзге аймақтарда алты ай ғана аялдайтын «кәрі құда» біздің өңірде тоғыз ай тапжылмай жатып алады. Жай ғана жатпайды, апталап соғатын бораны мен бет қаратпас аязы қысқанда «сұлуынан – жылуы» деп қалың киініп, жылы жерді паналауға тырысасың. Сондықтан да, Ұлытау өңірінде жылу беру маусымы өзгелерден ерте басталады. Ал, оны мінсіз атқару үшін жылу қазандықтары жылу беру маусымы аяқталысымен жөндеуге қойылып, алдағы қысқа жан-жақты әзірленеді.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақтияр Пардабековтың айтуынша, алдағы қыста аудан бойынша 32 автономды жылыту қазандығы жұмыс істейді екен. Осы 32 жылу жүйесінде 71 жылу қазандығы бар. Оның 11-і резервтік. Таратып айтар болсақ, мәдениет нысандарында – 7, денсаулық сақтау нысандарында – 3, білім беру нысандарында – 18, спорт нысандарында – 1, бюджеттік мекемелерде 3 қазандық бар.

 – Әлеуметтік нысандарда тұрақты жылу беруді қамтамасыз ету үшін аудан көлемінде 27 млн.теңгеге 3 модульді қазандық орнату жұмыстары аяқталды. Оның бірі №18 Мибұлақ орта мектебіне қойылса, екіншісі №3 Қаракеңгір орта мектебіне орнатылды. Үшінші қазандық Мибұлақ ауылындағы клубқа қойылды. Бүгінде бұл жылу беру орталықтары қысқа сақадай-сай тұр, – дейді Бахтияр Пардабеков.

Қыстан қысылмай шығу үшін жылу қазандықтарының әзірлігі ғана емес, оған қажетті отынның да жеткілікті қоры болуы қажет. Салалық бөлім ұсынған ақпаратқа қарағанда, алдағы жылу беру маусымында әлеуметтік-мәдени нысандарға және бюджеттік мекемелерге 9 393 тонна көмір қажетекен. Ал, оның бүгінгі күнге тасымалданғаны 4 520 тонна, яғни, 48 проценті. Ажыратып айтар болсақ, білім беру нысандары 6 200 тонна көмірдің 3 300 тоннасын (53%) тасып алса, денсаулық сақтау нысандары 520 тонна көмірдің 75 тоннасын (14%) жеткізген. Сондай-ақ, мәдениет нысандары 1 338 тоннаның 785 (59%) тоннасын түсіріп алса, спорт нысандары 120 тонна көмірдің 30 тоннасын (25%), бюджеттік мекемелер 1 165 тоннаның 330 тоннасын (28%) жеткізіп алған. «КарагандаСтрой» ЖШС, «ТрансСтрой» ЖШС, «Ахметбеков» ЖК, «Дулат» ЖК сияқты мердігерлер көмірді жеткізіп беруді мойындарына алған екен. Қазір оларды «қамшылаудың» артықшылығы жоқ секілді.

ЖАРЫҚСЫЗ КҮНІҢ – ҚАРАҢ

Қала ғана емес, ауылдық жерде де электр жарығынсыз күн көру қиын. Себебі, басқасын былай қойғанда, тоңазытқыштың суытуы, электр пешті қолданып, тамақ істеу сияқты қажеттіліктің барлығы электржарығына тәуелді екені белгілі. Егер бір күн жарық болмаса, күнің қараң болып, үйдің іші пана болмай кететіні де жасырын емес. Сондықтан электр қуатының үздіксіз беріліп тұруы – әр адам үшін аса маңызды.

Алайда соңғы жылдары аудан көлемінде жарықтың сөніп қалуы жиілеп кеткені жасырын емес. Шалғайдағы ауылдарды айтпағанда, аудан орталығының өзінде шамың жыпылықтап, аракідік сөніп қалып тұрады. Мамандар мұны электр желілерінің ескіргендігімен түсіндіреді. Ал, оны бір мезетте толық жаңартуға аудан бюджетінің қауқары жетпесі анық. Білетіндер бұл мәселені тек ЖРЭК сияқты іргелі компанияның иелігіне көшкенде ғана шешуге болатынын алға тартады. Әзірге аудан түйткілді мәселені өз күшімен шешуге талаптануда. Салаға жауапты бөлім басшысының міндетін атқарушы Бахтияр Пардабековтың сөзіне қарағанда, бұл бағытта ауқымды жобалар жоспарланған.

 – Жезді кенті, Көкбұлақ көшесінің электр желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 14 000,0 мың теңге қаржы қаралды. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланды. Сондай-ақ, «Ұлытау-Айыртау» бағытындағы электр желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарына 7 385,9 мың теңге қаржы қаралды. Мердігері – «Корпорация Арсенал» ЖШС. Жұмыстар үстіміздегі жылдың 4 қыркүйегінде басталды, – дейді Бақтияр Үсіпбекұлы.

Орайы келгенде айта кеткен жөн, аудан көлемінде, әсіресе, ауылдарда көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінгі ауылдар көшелерінің түндегі келбеті қаладан бір кем емес. Самаладай жарқыраған шамдар ауыл сәулетіне сән беріп, тұрғындардың да көз қуанышына айналуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

«СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР»

Алдыңғы жылдармен салыстырғанда сумен жабдықтау жүйесіндегі апатты жағдайлар азайып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары тәп-тәуір жүргізілді. Әсіресе, ауылдардағы ағайындар су тасу үшін көшелердегі колонкаларға шелектерін көтеріп бармайтын болды. Өйткені, олар ауыз су құбырын үйлеріне кіргізіп алып жатыр. Ал, оған су беретін су мұнаралары да жөнделіп, ел оның игілігін көруде.

 – Өңірде ауыз суға қатысты мәселелер алдағы уақытта да оң шешімін табатын болады. Бұл бағытта нақты жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда, Жезді кентінің ауыз су желісіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге биылғы жылдың 26 шілдесінде өткен мәслихат сессиясының шешімі бойынша 21 350,0 мың теңге қаралды. Оның ішінде: дюкер ауыстыру жұмыстарына – 11 268,7 мың теңге, су жүйесін ағымдағы жөндеуге – 2952,2 мың теңге, Есқұла-Жезді су жүйесін ауыстыруға – 7128,7 мың теңге бөлінді. Бұл жұмыстар «Марганец» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күшімен атқарылатын болады, – дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы.

«Суды үнемдеу керек. Себебі, «судың да сұрауы бар». Бұдан былай халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, тұрғындарды суды үнемдеп тұтынуға шақыру шаралары енгізілетін болады, – деді Бақтияр Пардабеков әңгіме арасында.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ