Ырыс пен береке бастауы

Күн мен түн теңелетін, тіршілік атаулы алтын нұрға бөленетін Наурыз – есте жоқ ескі заманнан бері үзілмей жалғасып келе жатқан Жыл басы, төл мерекеміз. Шуағын шашқан көктем шапағаты Наурызбен бірге тіршілікке шаттық сыйлайды. Қыстың қаһары қайтып, жер-жаһан қайта түлейді. Дүние жаңарып, құлпырады. Табиғат иіген, «Самарқанның көк тасы жібіген» Наурызда мейірім шаттыққа ұласып, бай мен жарлы теңеледі, барша жұрт ырыздыққа кенеледі. Ұлыстың Ұлы күні ағайынның құшағы айқара қабысып, ренішті жандар қайта табысады. Сондықтан түсіністікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мейрамының татулығы жарасқан еліміз үшін маңызы ерекше.

Өзінің мыңжылдық тарихында Наурыз мейрамы табиғат пен қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзінөзі дамытуының нышанына айналды. Оның түркілік тамыры тым тереңде жатыр. Көне түріктер алғашқы адам көктем күні жаратылған деп сенген екен. Көктемнің түбірі – көктің аспан және тәңірі сөздерімен синоним екені белгілі. Сондықтан жер мен суды кие тұтып, көкке тағзым етіп, тұрмысы тіршілікпен тығыз байланысқан, табиғатпен етене егіз өскен көшпелі ел жер-жаһан жаңарып, жаңғырған сәтті Ұлыстың Ұлы күніне балаған. Кейбір деректерге сүйенсек, Наурыз мейрамы Орта Азия халықтары арасында бес мың жыл бойы аталып өтуде. Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», бурятттар «сагаан сара», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған.

Кейінірек «Ұлт жоқ. Ұйысқан Одақ қана бар» деген Кеңестiк дәуiрдiң солақай саясаты 1926 жылдан бастап, ұлттың ұлық мерекесiн терең зындан түбiнде бұғаулап ұстағанын бiлемiз. Одан кейiнгi ашаршылық жылдары, Ұлы Отан соғысы, ұлт зиялылары мен ұлт құндылықтарына қарсы дүркiн-дүркiн шабуылдар халқымыздың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрпының үкiсiн қисайтуға тырысып бақты. Тiптi, ашаршылық жағадан алған тұста жарапазан – жас балалардың нан сұрап жеу тәсiлiне айналғаны шындық. Елiмiздiң көп бөлiгiнде көрiсу ғұрпы санадан өшкен. Сұрқай идеология құрбаны болған мейрамның көптеген ырым-жоралғылары кейiнгi буын үшін көмескі тартты. Салт-дәстүрді берік ұстанған кей қазақ отбасыларында ғана жасырын түрде аталып өтті. Осылайша 62 жыл бойы ұмыт болған Наурыз мейрамы 1988 жылы қайта жаңғырды. Қазағымен қайта қауышты. Шығу тегі тарих тереңінен бастау алатын Наурызды ғасырлар бойы әлемнің көп халқы назарына ілмей келді. Тек 2009 жылы 30 қыркүйекте ЮНЕСКО Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізді. Ал 2010 жылы БҰҰ Наурызды Халықаралық мереке ретінде ресми түрде бекітті.

Наурыз — жалпы адамзаттың асыл мейрамы. Бұл күні қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы Дала төсiнде қызғалдақтар құлпырып, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Төңірек тазартылып, ағаштар бүршік атып, бұлақтарда сылдырап су ағады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Жұртшылық Жаңа күн – Жаңа жылды ерекше көңіл-күймен қарсы алуға асығады. Ыдыстар тоқшылық болсын деген ырыммен ернеуіне дейін айран-сүтпен, құрғақшылық болмасын, жаңбыр мол жаусын деп бұлақ суымен толтырылады. Қыстай сүрленген ет асылып, наурызкөже әзірленеді. Ауыл ақсақалдары үй-үйден дәм татып, баталарын береді. Көне деректерге сүйенсек, Наурыз тоғыз күн тойланады екен. Ол «Наурызнама» деп аталады. Наурызнама – ойын-сауық үстемдік құратын шаттыққа толы мереке. Онда бүкіл ел болып, «Ақ түйенің қарны жарылған күн», «Ұлыстың Ұлы күні деп» ұланасыр той жасаған, түрлі жыр төгіліп, жұмбақ жасырылған, қыз-жігіт айтысқа түсіп, әзiл-қалжың, мадақтау өлеңдерi айтылған, ұлттық ойындар ойналып, білектілер белдесіп, күш сынасса, шешендер сөз жарыстырған. Осылайша, қыстан шыққан ағайын арқажарқа болып, жаңа жылды қарсы алады.

Міне, Наурыз – жақсылықтың жаршысы, берекенің бастауы, ырыстың ошағы. Жаңа жыл Қазақ еліне мызғымас бірлік, татулық пен тұрақтылық сыйлап, берекесін, ырысын еселесін деп тілейік.

Альмира ОСПАН