Қымбатты тыл ардагерлері! Ардақты аудан тұрғындары!
Баршаңызды 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 79 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Жеңіс күні – батылдық пен қаһармандықтың, халқымыздың бірлігінің беріктігі мен қайсар рухының мерекесі.
«Ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» сұрапыл жылдардағы батыр майдангерлеріміздің өлшеусіз ерліктері мəңгі ұмытылмайды.
Ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн сыйлаған майдангерлерімізді əрдайым ардақтап, болашақ ұрпақ алдында мəңгі мақтан етеміз.
Соңғы деректер бойынша біздің туған жерімізден 5000-ға жуық жауынгер соғысқа аттанды. Ал сұм соғыстан аман-есен елге оралған майдангерлер, бейбіт өмірге араласып, ауданымыздың дамуы үшін өз үлестерін қосты.
Біз ерліктері тарих бетіне алтын əріппен жазылған ардақты ардагерлеріміздің өнегелі өмір жолын үлгі етеміз. Бұл жеңіс халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабаларымыздың ерлігі мен еңбегінің арқасында келді.
Құрметті аудан тұрғындары!
Ұлытау өңірінен майдан шебіне аттанып, ел қорғаған батыр бабаларымыздың, ардақты майдангерлеріміздің өшпес ерлігі біздің мəңгі есімізде сақталады.
Тəуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі осынау мерекенің жемісі.
Бүкіл халық жадындағы қастерлі мереке – Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!
Ауданымыздың барша тыл ардагерлері мен майдангер батырларымыздың ұрпақтарына мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге береке-бірлік тілейміз!
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының əкімі.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
Ұлытау аудандық мəслихатының төрағасы.