ҚЫМБАТ ОТА – МӘМС ШЕҢБЕРІНДЕ ҚОЛЖЕТІМДІ
МӘМС шеңберінде тағы бір пациенттің өмірі сақталып қалды. Күні бүгінге дейін денсаулығы мүлде сыр бермеген Уызхан Бекеновтың жүрегі кенеттен қысылды. Таңғы бесте жедел жәрдеммен Жезқазған медициналық орталығына жеткізілген апталдай азаматқа миокард инфарктісі диагнозы қойылып, дереу ота жасалды.
– Ертеректе 50 жастан асқандарда кездесетін бұл ауру түрі қазір жасарып келеді. Менің тәжірибемде 25 жасар пациенттің де жүрегіне ота жасалған-ды. Инфаркт болған жағдайда әр минут бағалы. Дер кезінде көмек көрсетілмесе, адам өліп кетуі мүмкін. Сондықтан, әр адам инфаркт белгілерін біліп жүруі керек. Миокард инфарктісінің негізгі белгілерінің бірі – кеудедегі ауырсыну, адам төзгісіз шаншу, қысу немесе түйіп ауыру. Ауырсыну кеуденің сол жағында, сирек жағдайда оң жақта да сезіледі. Сонымен қатар ауырсыну жақ, тамақ, сол жақ жауырынның астындағы арқада немесе жауырын арасында, іштің жоғарғы бөлігінде сезілуі мүмкін. Ауырсыну әдетте кең аумаққа таралады. Ауырсыну толқын түрінде, яғни, біресе ұлғайып, біресе бәсеңдеп, тоқтап, қайтадан басталады, — деген реаниматолог Жасұлан Искаков қатты әлсіздік, салқын тер, діріл, ауа жетіспеушілігі, ентігу, жөтел, бас айналу, естен тану сияқты қатар жүретін белгілер барын жасырмады.
Миокард инфарктісі кезінде пациентке коронарлық артерияларды шунттау отасы жасалы. Жүректің зақымданған тамырын кеңейтіп, қан айналымын ретке келтіретін ота – шағын инвазивті. Яғни кеуде қуысы кесілмейді. Бұл өз кезегінде пациенттің тез сауығуына әсер етеді. Жоғары технологиялық отаны ақылы түрде жасату 1,5 миллион теңгеден асады. Уызхан Бекенов МӘМС жүйесінде сақтандырылған азамат ретінде отаны, одан кейінгі үш жылғы оңалту курстарын тегін өтеді.
Өткен жылы Жезқазған медициналық орталығында 365 коронарография жасалып, 196 науқасқа жедел миокард инфарктісі диагнозы қойылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүрегіне ота жасалған 217 пациентті оңалтқан.
Естеріңізге сала кетсек, МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек барлық сақтандырылған азаматтарға олардың жарналарының мөлшеріне қарамастан, тегін көрсетіледі.
Диана ОРАЗАЛИНА.