Вандализмге – жол жоқ!

Вандализм – қоғамдағы ең өзекті жəне жағымсыз мəселелердің бірі. Бұл ұғым қоғамдық немесе жеке мүлікті əдейі бүлдіру, қирату дегенді білдіреді. Вандализмнің көріністері – қабырғаларды жазу, ескерткіштерді бүлдіру, орындықтарды сындыру сияқты əрекеттер қоғамға ғана емес, əр адамның санасына зиян келтіреді.

Бүгінде вандализмнің зардабы тек моральдық шығынмен ғана шектелмейді. Ол қоғамның қаржылық ресурстарына да зиян тигізеді. Мысалы, бүлінген ескерткіштер мен ғимараттарды қалпына келтіру үшін мемлекет қыруар қаржы жұмсайды. Бұл қаржыны əлеуметтік мəселелерді шешуге немесе қоғамға пайдалы жобаларды дамытуға бағыттауға болар еді.
Вандализмнің негізгі себептері – мəдениеттің төмендігі, тəрбиенің жеткіліксіздігі, немқұрайдылық жəне əлеуметтік жауапкершіліктің жоқтығы. Көп жағдайда жасөспірімдер бұл əрекетті қызық көру үшін немесе өздерін көрсету үшін жасайды. Алайда олардың бұл əрекеті қоғамға зиян келтіріп, өз беделін түсірумен аяқталады.
Вандализм – барлығымызға ортақ мəселе. Қоғамдық мүлік – біздің ортақ игілігіміз, оны қорғау – əрбір азаматтың міндеті. Əрбір адам «Бұл менің жеке шаруам емес» деп ойламай, керісінше, «Менің қоғамым, менің ортам» деген жауапкершілікті сезінуі керек. Вандализмге жол бермеу – мəдениетті жəне жауапкершілікті қоғам құрудың алғы шарты.
Вандализмнің орнын тек мəдениет пен тəрбиелілік баса алады. Сондықтан бəріміз бірігіп, «Вандализмге жол жоқ!» деген ұранды шынайы өмірде іске асыруымыз керек. Бұл – болашағымызға қамқорлық жасаудың жарқын үлгісі.

Ұлытау ауданының прокуратурасы.