Құтырма – аса қауіпті дерт

Құтырма (гидрофобия) – бар­лық жылы қанды жануарлар-хайуанаттарда кездесетін ауру. Ол тістеу арқылы, сілекеймен қанға беріледі, яғни жұғады. Құтырма (гидрофобия) – ауруды жұқтырған жануарлардың тістеуінен, тырнауынан және сілекейлеуінен дамитын адамдар мен жануарлардың табиғи ошақты ауруы.

Құтырма ауруының вирусы ауру жануардың сілекейімен көп мөлшерде бөлінеді. Құтыру – адамның ми жасушаларын қатты зақымдайтын жыртқыштар тісін батырғанда, терісінің зақымданған жеріне олар­дың сілекейі жұққанда пайда болатын вирустық зоонозды жұқпа. Бұл дерт көз жұмуға әкеп соғатын жүйке жүйесінің тозу белгілері: қозушылық, агрессиялық, ой қабілетінің төмендеуімен сипатталады. Құтыру ауруы адамдарға көбінесе, үй хайуанат­тарынан – иттерден, мысық­тардан (сирек кездеседі), сондай-ақ, ет қоректі аңдардан (қасқыр, түлкі) тарайды. Аурудың қоздырғышы вирус болып табылады, ал жұқпа көзі және жұқпа қоры – жұқтырылған мал. Вирус ауру басталғанға дейін 8-10 күннің ішінде жұқпалы сілекеймен білінеді. Вирус қаңғыма иттерде айналып, мысықтар мен ауыл шаруашылық малдарында таралады. Таралу механизмі – қарым-қатынас арқылы. Аэрогенді таралу жолы да ықтимал (жарғанаттар мекендейтін үңгірлерде, зертхана ішіндегі жұқтыру), тамақтан және трансмиссивтік – жәндіктердің шағуы арқылы. Дәрігерлерге кеш қаралу, егу тәртібінің бұзы­луы, егулердің аяқталмау салдары­нан құтыру ауруы белең алады. Клиника­лық түрде 3 кезең белгіленеді: бастапқы (депрессиялық), қозушылық және сал аурулар кезеңі. Ауру алдындағы белгілер бұрыннан жазыл­ған жара орны солқылдап ауырады және күйдіріп ашиды. Шаққан жер қызарып, іседі. Дене қызуы орташа немесе субфебрильді. Мұның арты лихорадкаға ұласуы мүмкін. Сонымен қатар адамның ұйқысы қашып, көңіл-күйі болмайды, қорқыныш, шаршау сезімі мен түрлі дыбыстар мен бейнелерге түршігіп тұрады. Сондай-ақ, тыныс жолдары мен жұтынуы қиындап, ақыл-есі бұзылып, сандырақтауы мүмкін.

Алдын алу шаралары – алдын алу егулер, қаңғыма және құтырма иттерді жою, үй жануарларын дұрыс ұстау ережелерін сақтау ҚР және басқа елдерде үй жануарларының тасымалдануын бақылау арқылы мал арасында жүйелі түрдегі жоспарлы күрес. Елді мекендерде иттер мен мысықтарды ұстау, тіркеу және есеп­ке алу тәртібін жергілікті әкім­шілік белгілейді. Белгілі кәсіптегі тұлғалар арасында (ит аулаушылар, ветеринарлық зертхана қызметкер­лері, аңшылар) құтыру ауруының жұқтырылуына жол бермеу үшін алдын алу егу курсын жүргізеді. Мал тістеген немесе тырнағанға ұшыраған науқастарды дереу травматологиялық бөлімшеге, ал ол болмаған жағдайда егу тағайындап, жасау үшін хирургия бөлімшесіне жібереді. Құтыруға қарсы жүргізілетін вакцинация курсы ит қапқаннан кейін 14 күннен кешіктірмей бастағанда ғана тиімді. Құтырмаға қарсы алдын алу екпелерін дәрігердің тағайындауы бойынша мезгілімен қабылдаңыз. Құтырмаға қарсы екпелер тегін жүргізіледі. Қандай да жағдай болмасын жануарды өлтіруге болмайды, ветеринарлық қызмет құтырма ауруын жою үшін 10 күн бақылауды анықтаған. Антирабикалық көмек жарақат орнын өңдеуден (жарақат орнын сабынды сумен мұқият тазалау), антирабикалық вакцинаны немесе антирабикалық иммуноглобулин (АИГ) мен антирабикалық вакцинаны қатар салудан тұрады.
Жануарлар тістеп алған жағдайда дәрігерлік көмекке көңіл бөліп қарау керек және құтырмаға қарсы екпелердің толық профилактикалық курстарынан өтуі қажет.
Сіздің өміріңіз – өз қолынызда!

Ұлытау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.