Тоңболат МҰҚАНҰЛЫ

2025 жылғы 12 қыркүйекте, 77 жасында еңбек ардагері, тарихшы, әдебиетші, өлкетанушы, шежіреші Тоңболат Мұқанұлы фәни-жалғаннан бақи-дүниеге өтті.
Арда болмыс азамат 1948 жылы Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Киров ауылдық кеңесі – қазіргі Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кентінде дүниеге келген.
Мамандығы – құрылысшы. Ол Ұлытау өңірінің мал жайылымдарын суландыру ісіне, облыс аумағындағы маңызды көлік магистральдарының құрылысына, сондай-ақ, Қарсақбай мыс заводын қайыра жаңғыртуға айтарлықтай сүбелі үлес қосқан тұлға.
Зейнет демалысына шыққаннан кейін ауданның, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Ұлытау ауданы Ардагерлер және Қоғамдық кеңестері құрамында болды. Ұлытау облысы Ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде жаңадан құрылған облыстың өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге белсене атсалысып, кез-келген мәселеге қатысты өзіндік көзқарасы, өткір де өзекті ұсыныс-пікірлерімен ерекшеленген ұлтжанды азамат еді.
Тоңболат Мұқанұлы аймақ тарихына қатысты деректерді, белгілі тұлғалардың өмір тарихы мен мұраларын жинақтаушы өлкетанушы ретінде де танымал. Ұзақ жылдар Қарағанды облыстық өлкетанушылар клубының мүшесі ретінде аймақ тарихына қатысты деректердің жинақталуы мен жариялануына дәнекерлік етті. Ел ішіндегі аңыз-әңгімелер, тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы еңбектері әр жылдары мерзімді баспасөзде, ғылыми жинақтарда жарияланған. Халық ақыны Қожабай Тоқсанбайұлы, Би Бидаш Құдабайқызы, Мұқан Балтекейұлы, Болман ақын, Қарсақбай Әйбекұлы, Жаңабай Ниязбекұлы жөніндегі зерттеу мақалалары ғылыми ортада лайықты бағаланған.
Тектілігі «мен мұндалап» тұратын ағаның қазақ шежіресіне қатысты білгірлігі, жергілікті тайпалар мен руларды таратудағы тума таланты мен зердесі өзімен тілдескен адамдарды еріксіз таңқалдырып, тамсантатын еді.
Аяулы тұлғаның асыл бейнесі, кішіпейіл де шыншыл, мейлінше көпшіл әрі көркем мінезі біздің және өзін жақын таныған жалпы қауымның есінде мәңгі сақталары күмәнсіз.

***

Орны бөлек ағаның отбасына, туыс-туғандарына және марқұммен сыйлас ғұрыпта ғұмыр кешкен жандардың баршасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

А.МЫРЗАБЕКОВ, А.ҚҰРМАНСЕЙІТОВ, А.ҚАЙЫРБЕК,
А.САКИПОВ, А.ӘБЖАМАЛОВ, Ғ.ДҮКЕМБАЕВ,
А.ӘЛІМСЕЙІТ, М.МӘТКЕНОВ,
С.БАЙМАҒАНБЕТОВ, С.ТӘШЕНОВ.