ТЕРІСАҚҚАН ОКРУГІ жаңғыру жолында

Кешегі оңтайландыру жылдарында оңбай опық жеген ауылдардың бірі осы Терісаққан ауылдық округі. Шаңырақ шайқалмай тұрғанда алқабында астығы жайқалған, қамбаға миллиард пұттап алтын дән құйған өңір еді. Әттең, сол кездегі солақай саясаттың құрбаны болып, барлық мүмкіндіктерінен айырылды. Егіс көлемі де күрт кеміді. Бүгінде бар-жоғы 22 мың гектар ғана егіс алқабы бар…

Жұмыс бар, тек ынта болсын

Соған қарамастан, ауылдық округ Үкімет тарапынан жасалып жатқан барлық мүмкіндіктерді мейлінше тиімді пайдаланып қалуға тырысуда. Ол өзінің оң нәтижесін беруде де. Оны ауыл әкімі Алмат Дүйсенбаевпен болған әңгімеден айқын аңғаруға болады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы «Әлеуметттік жаңғырудың жаңа кезеңі» тарауын басшылыққа ала отырып, бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асты. Бағдарламалардың басты мақсаты – халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру, халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу, жұмыссыздық деңгейін қысқарту болып табылады. Осы орайда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын іске асыру жолында округте ауқымды жұмыстар атқарылды, – дейді Алмат Дүйсебекұлы бізбен әңгімесінде.

Әкімнің сөзіне қарағанда Терісаққан ауылдық округі арқылы өтетін Арқалық-Шұбаркөл бағытындағы болатжолдың ауыл әлеуетін арттыруға ықпалы зор болып тұрған сыңайлы. Ең бастысы, осы темір жол бойында жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрген жандардың қатары артқан. Мәселен, ауылдың 32 тұрғынына Терісаққан станциясы мен Майбұлақ станциясына жұмысқа тұру үшін қажетті мамандықтарға сай даярлық курстарынан өтіп, жұмыспен қамтылған.

– Мұның сыртында өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Ұлытау аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы шәкіртақының төленуімен, тегін біліктілікті арттыру, кәсіптік даярлау және қайта даярлау курсына жолдама алған бір ауыл тұрғыны электрик сертификатын алды. Қоскөл елді мекенінің тұрғыны Е. Бәкен аудан әкімінің 580 000 теңге қайтарымсыз грантына ие болды. Осылайша, ауылдағы жұмыссыздар армиясының қатарын қысқартуға күш салып жатырмыз, – дейді округ әкімі.

Айтса айтқанындай, бүгінгі күні округте жұмыссыз жүрген жандар жоқтың қасы. Өткен жылы жұмыссыздар қатарына тіркелген 6 адам ауыл әкімі аппаратына қоғамдық жұмысқа алынып, 6 ай табыс тапса, 1 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Округте өрт сөндіру бекеті ашылып, ауылдың 5 азаматы өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасқан.

– Ауылдық жерде жұмыс жоқ деген бос сөз. Жұмыс бар. Жұмыс көп. Тек соны істейтін ынта болса. Несін жасырайық, қазір ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргісі келетін жандар да бар, – дейді Алмат әкім қынжыла отырып.

Егін шаруашылығын дамыту назарда

Әңгімеміздің басында айтып өткеніміздей, Терісаққан ауылдық округі негізінен астық өсіруге бейімделген шаруашылық еді. Алайда, заман ағымы оның шаруашылық бағытын күрт бұруына алып келді. Бүгінде кешегі диқандардан қалғаны төрт-бес шаруа қожалығы ғана. Өзгелері мал өсірумен айналысуға бет бұрған. Әрине, оны түсінуге болады. Ұжымдасып қана игеруге болатын, баптауы қиын жерді өңдеу жеке шаруаға жеңіл тимесі анық. Егін өсірудің өзіне тән қиындықтары өз алдына.

– Терісаққан ауылдық оқругі бойынша 30 шаруа қожалығы тіркелген. Оның жетеуі жұмыс істемейді. 4 шаруа қожалығы егінмен айналысады. Қалғандары мал өсіруде. 2021 жылдың желтоқсан айындағы санақ қорытындысы бойынша, Терісаққан ауылдық округінде мал басы саны: ірі қара — 1155 бас, жылқы — 1320 бас, қой — 247 бас, ешкі — 202 бас, кұс – 271 дана болды, – дейді округ әкімі.

Алмат Дүйсенбаев округте мал тұқымын асылдандыру мақсатында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Мысалы, «Әділ» шаруа қожалығы Ағадырдың «Жәнет» шаруа қожалығынан 700 000 мың теңгеге екі асыл тұқымды бұқа сатып алыпты. Аталған шаруа қожалығы субсидияға қажетті құжаттарын өткізіп, 460 000 теңге субсидия алған. Сондай-ақ, «Бейбарыс» шаруа қожалығы «Игілік» бағдарламасы бойынша 5 500 000 теңге несие алып, оған жылқы сатып алыпты.

– Ауылдық округте Машина-трактор паркі де жаңару үстінде, «Әділ» шаруа қожалығы «СиноТехМаш» ЖШС-нен жалпы құны 12 450 000 теңге тұратын «фронтальды погрущик» техникасын сатып алды.

Алайда, ауылдық округте егістік жерлері бар 14 шаруашылықтың бесеуі ғана осы бағытта жұмыс істеп отырғаны қынжылтады. Диқандар қатарын көбейту мақсатында әлі де жүйелі жұмыстар жүргізу қажет, – дейді Алмат Дүйсебекұлы.

Алматтың бұл жанайқайын түсінуге болады. Өйткені әкесі Дүйсебек Дүйсенбаев кезінде осы шаруашылықты өз қолымен құрып, оны күллі Қазақстанға танымал еткен еді. Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей миллиардтап астық берген кездері де сол тұстар болатын. Ал қазір, округтегі шаруа қожалығы 6000 гектар жерге ғана егін егеді.

– Өткен жылы ауыл диқандары 6 мың гектар жерге дәнді-дақылдар септі. Оның 5450 гектары бидай, 550 гектары арпа. Жалпы алынған өнім – 1160 тонна, оның 540 тоннасы бидай, 55 тоннасы арпа. Егін жиын науқанына 6 комбайн, 4 К-700, 3 дөңгелек трактор, 6 жүк көлігі жұмылдырылды, – дейді Алмат тағы да қоңылтақ көңілмен.

Осы орайда округ әкімі өзінің алға қойып отырған жоспарымен де бөлісті.

– Шаруа қожалықтардың басым бөлігінің қолда бар техникалардың бәрі тозығы жеткен. Бұл өз кезегінде жерді пайдаланудың агротехникалық талаптарын сақтамай, өнімнің жылдан жылға нашарлауына жол беріп отыр. Сондықтан да алда тұрған талап, шаруашылықты ірілендіру арқылы, несиелік көздерден қаражаттарды алу, лизинглік компаниялар арқылы несиелендіру, – дейді ол.

Ауыл әкімі сондай-ақ, мал шаруашылығын дамытуға қатысты ойларын да ортаға салды. Бұл бағытта шаруа қожалықтарының мал басын асылдандыру жұмысын жоспарлы түрде жүргізу, оның ішінде селекциялық асылдандыруды жүргізу, асыл тұқымды қой шаруашылығын құруды жоспарлы түрде насихаттау және қолдау көрсету, ауылдық округте шаруа қожалықтарын дамыту үшін пайдаланбай отырған ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді қайта айналымға тарту жұмыстарын қолға алатынын айтты.

Алда тұрған ауқымды істер

Округ әкімі Алмат Дүйсенбаев әңгіме барысында үстіміздегі жылға жоспарланған жұмыстарын да айтып берді. Бұл жұмыстардың дені ауылды сәулеттендіру, абаттандыру және әлеуметтік әлеуетін арттыруға негізделген. Атам қазақ «Ауылын көр де азаматын таны» деген сөзін осы Алмат сияқты азаматтарға арнап айтқан ба дейсің. Сонымен, биылғы жылы 2 шақырым көше жолдарын асфальттауға сметалық құжаттар дайындалған. Жоба құны – 131 млн. теңге.

Өрт сөндіру бекеті және қараусыз жүрген жануарларды қамауға арналған ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 41 000 000 теңгеге сметалық құжат әзірленген.

Ауыл ішіндегі 0.4 электр желілері тартылған ағаш бағандарды бетон бағандарға айырбастауға 50 000 000 теңгеге сметалық құжаттар дайындалған. Алайда, электр желілері ЖРЭК мекемесінің құзырына өткізілетін болғандықтан, аталған жұмыс тиісті мекеменің қарауына қалдырылады.

Футбол алаңын салу, ФАП-қа арнайы ғимарат салу үшін жер көлемі бөлініп, құжаттары рәсімделген. Биыл құрылыс жұмысын жүргізу жоспарлануда. Қаржы республикалық бюджеттен.

Ауыл ішін абаттандыру мақсатында, 30 дана тал және 500 дана көше гүлдерін отырғызу жоспарлануда.

Терісаққан өзені бойындағы ауылға кіреберістегі көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 15 000000 теңгеге сметалық құжаттар әзірленген.

Қоскөл елді мекенін ұялы және интернет байланысымен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр.

Міне, осы жоспарланған жұмыстар бойынша аудандық құзырлы мекемеге сұраныстар беріліп, құжаттар өткізілген.

Түйін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жаңа Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек. Қазақстандықтардың өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қашанда дайын екені анық», деп атап көрсетті. Мұның жарқын мысалын Терісаққан ауылдық округінің әкімі Алмат Дүйсенбаевпен болған әңгімеден-ақ айқын аңғаруға болады. Округ әкімі қазірдің өзінде ауылының әлеуметтік те, экономикалық та әлеуетін көтеруге бар ынта-ықыласын қойып отыр. Ал, бұл бағытта Жолдауда айтылғандай нақтылы қолдау болса жұмыс жанданып жүре берері анық. Солай боларына сенімдіміз де.

Ізтай Белгібайұлы