Техникалар сақадай сай

«… Қыстың басы бірі ерте біреуі жай», деп Абай дана айтқан қарашада қар жауып, «кəрі құда» келіп қалды. Арқаның даласы ақ ұлпаға оранды. Бұл əсіресе қысы қытымыр келетін Ұлытау өңірінде қатты сезіліп тұр. Енді көзді ашып-жұмғанша қақаған аяз бен түтеген бораны көп күндер де келері күмəнсіз.

Ал өңірдің қысқа дайындығы қалай? Қыста қысылмас үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Əсіресе жолдарды қысқы кезеңге дайындау кезек күттірмейтін мəселе. Бұл бағытта аудан аумағындағы жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау айрықша бақылауға алынған. Аталмыш мəселені пысықтай түсу үшін біз аудан əкімінің орынбасары Аян Əбжамаловқа қоңырау шалып, ауданның коммуналдық қызметінің қысқы уақыттағы жолдарды күтіп-ұстау маусымына дайындығын сұрап білген едік.
Жалпы, аудан аумағындағы жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстарына əр ауылда бір-бір мердігер компаниялар жауапты. Мəселен, Сарлық ауылының жолын күтіп ұстауды «Жансерік» жеке кəсіпкерлігі ұтып алған. Мердігер бұл жұмысқа 2 МТЗ тракторы, 1 жүк көлігі мен 1 тиегіш техника жұмылдырып отыр. Ал, Терісаққан ауылының жолын «Кемберли» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алыпты. Олар бұл жұмысқа 1 МТЗ тракторын, 1 жүк көлігі мен тиегіш техника тартыпты. Ауданның əр ауылында осы сияқты жеке кəсіпкерліктер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер өздерінің техникаларын жұмылдырып отыр.
– Автожолдарды қысқы жағдайда ұстауға тендерге қатысып, ұтып алған мердігерлер қазір техникаларын сақадай-сай ұстап отыр. Кейбір ауылдарға қатысты жұмыстар бүгінгі күні пысықталуда, – дейді Аян Есенғалиұлы бізбен əңгімесінде.
Аудан əкімінің орынбасары əңгіме барысында жолаушылар мен жүргізушілерді де қыста жол жүру ережелері мен төтенше жағдай қызметі жеткізген хабарландыруларға құлақ асып, оны мүлтіксіз орындауға шақырды.
– Өткен қыста төтенше жағдай қызметінің мамандары қар құрсауында қалған бірнеше ондаған көліктер мен адамдарды қауіпсіз жерлерге жеткізді. Жоғалып кеткен адамдарды да іздеп тапты. Қайғылы жағдайлар да орын алды. Мұның бəрі салғырттықтан болып отырған шаруа. Егер алдын ала берілген дабылдарға құлақ асып, алыс жолдарға шықпай, қауіпсіздік шараларын сақтаса мұндай жағдайлар болмас еді, – дейді Аян Əбжамалов.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.