Тегін қызмет тұтынған кезде абай болыңыздар!

Ұлытау облысы Жезқазған қаласының тұрғыны құрбысы екеуі қаладағы сауда орындарының біріне барған кезде, оларға белгісіз адамдар тегін массажды жарнамалап, шақырту талонын ұсынады. Аяқ-қолы сырқыраған зейнеткерлер денсаулығын аз да болса жақсарту мақсатында ұсынысты қабыл алып, көрсетілген жерге барады. Онда оларды жылы қарсы алып, емдік массаж жасайды.

Алайда массаж аяқталған соң, орталықтың ұйымдастырушылары зейнеткерлерге әлгі массаж жасайтын құрылғыны сатып алуды үгіттейді. Бағасына мән бермеген зейнеткерлерге несие рәсімдеуге көмектесіп, үйіне шығарып салады.
Үйіне келгеннен кейін зейнеткер құрылғының құны 1 210 000 теңге екенін біліп, оны төлеуге шамасы жетпейтінін түсінеді. Ол менеджерлерге хабарласып, құрылғыны қайтарғысы келетінін айтады. Алайда олар уақытты созып, тауарды қайтаруға асықпайды.
Осы жағдайда азаматша тұтынушы ретінде Ұлытау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгініп, кеңес алады. Құжаттарымен толық танысқан департамент қызметкерлері оған наразылық арызын жазуға көмек көрсетіп, сотқа дейінгі шараларды атқарады. Тауарды сатқан менеджерлер арызбен танысқан соң, зейнеткерге хабарласып, келісімшартты бұзады және қаражатын қайтарады.
Бұл ретте айтарымыз: егер тұтынушы ретінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда, департамент қызметкерлері заң аясында әрдайым көмек көрсетуге дайын.