ТЕАТР ТАРЛАНЫ ҚҰРМЕТТЕЛДІ

Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театрында ҚР Халық әртісі, Ұлытау облысының Құрметті азаматы Досжан Жанботаевтың 75 жас мерейтойы атап өтілді.

Салтанатты жиынға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қатысып, өнер майталманына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның арнайы құттықтау хатын жеткізді.

«Облыстағы мәдени нысандардың қарашаңырағына айналған Серке Қожамқұлов атындағы қазақ-музыкалық театрының іргетасын қалау жолында да аянбай тер төгіп, Ұлытау аймағындағы талай жастың саф өнерге деген құлшынысын оятқан бірден бір тұлға өзіңіз екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қасиетті өңірде театр саласының даңғыл жолын қалыптастыруда, қызығы мен қиындығы қатар мамандықтың ыстық-суығына көне жүріп өз қолтаңбаңызды қалдырып келесіз» – деді өңір басшысы өз құттықтауында.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерінің мерейтойына еліміздің маңдайалды сахна тарландары арнайы келіп, жылы лебіздерін білдірді. Салтанатты кеште театр және кино актерінің шәкірттері мен ізбасарлары да өнерлерін тарту етті.