Тазалық өзімізден бастау алады
“Тазалық – табалдырықтан басталады”, сондықтан қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау əр азаматтың басты міндеті болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Əділетті Қазақстан: заң мен тəртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ЖЕТІНШІ мəселе ретінде «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі» деп атап көрсетті жəне қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мəн-маңызын кеңінен дəріптеуіміз керектігіміз туралы айтты.
Елімізде республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Бұл акция аясында ауыл-аймақтарымыздың, қалаларымыздың тазалығын қамтамасыз ету мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Аталмыш іс-шараға жастарымыз да үлкендеріміз де белсенді араласуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қалалар мен ауылдардың сəулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» – деп атап өткен болатын. Ғаламтордағы мəліметтерге сүйенсек «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мəдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Яғни Отандастарымыз елге деген сүйіспеншілік, жанашырлығын танытуда. Осы жобаның əлі де жалғасын таба беруі нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Қоршаған ортаның тазалығы əркімді бей-жай қалдырмауы тиіс.
Гүлшат ƏЛЖАНОВА,
қазақ тілі жəне əдебиеті пəнінің мұғалімі.