«Таза Қазақстан»: Қоғамды біріктіріп, тұрғындарды тазалыққа үндейді – Дастан Рыспеков
Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыру, елді мекендердегі көшелерді жарықтандырумен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Өңір басшысы республикалық науқан аясында тал егу жоспарының орындалу барысын сынға алып, күзгі тал егудің учаскілерін қалалар және аудандар бойынша анықтап жоспар бекітуді тапсырды. Оған қоса, осы уақытқа дейін отырғызылған көшеттердің суарылуы, нәтижелі бой көтергендерінің саны бойынша ақпарат ұсыну қажеттігін жеткізді.
Облыс әкімінің айтуынша – Жезқазғандағы заңсыз қоқыс нүктелерін жою жұмыстары көңіл көншітпейді. Осы орайда өңір басшысы қала әкіміне қоқыс нүктелерін тазарту бойынша жол картасын бір аптаның ішінде дайындау міндетін жүктеді. Бұл ретте өңір басшысы мердігер ұйымдардың күші жеткіліксіз болған жағдайда қосымша күштер қарастырылатынын атап өтті.
Сонымен қатар кеңесте облыс әкімінің қала-аудандарды аралауларының нәтижесінде анықталған ескертпелер ұсынылды. Өңір басшысы аталған кемшіліктердің басым көпшілігін қалыпқа келтіруге тіпті қаражат та қажет болмайтынын жеткізіп, осы аптаның аяғына дейін ревизия жасауды, қалыпқа келтіруді бір айдың ішінде аяқтауды қатаң тапсырды.
Ал барлық қала-аудан әкімдеріне полиция департаментімен бірлескен түрде ғимараттарды қалыпқа келтіру мақсатында меншік иелеріне ескерту беру, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына ғимараттарды бақылауда ұстау тапсырылды. Одан бөлек, абаттандыру, кәсіпкерлік нысандардың иелерімен түсіндірме жұмыстарын жүргізуге қатысты да тиісті міндеттемелер жүктелді.
Жиында облыс әкімі көшедегі жарықтандыру мәселесінің ең алдымен адам қауіпсіздігінің кепілі екендігін атап өтті. Сол себепті де аталған мәселені рет-ретімен толық шешу мақсатында екі апта ішінде жоспар жасап, бекіту қажеттігін ескертті. Сондай-ақ аталған сұрақ бойынша барлық өңірде анықталған жауапты мердігерлердің дер кезінде олқылықтарды толтырып отыру қажеттігі айтылды. Аталған мәселеде Жезқазған – Сәтбаев жол бойындағы жарықтандыру жайы да назарсыз қалмады. Бұл ретте өңір басшысы облыстық «ҚазАвтоЖол» басшылығына аумақты жақын арада толықтай жарықтандыруды тапсырды.