«Таза Қазақстан» – ел болашағына бағытталған маңызды бастама
Бұл жоба қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамның әрбір мүшесінің жауапкершілігін арттыруды көздейді. Табиғат – ата-бабамыздан қалған аманат. Оны сақтау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әр азаматтың парызы.

Бүгінгі таңда қоршаған ортаның ластануы, тұрмыстық қалдықтардың көбеюі, су мен ауаның сапасының төмендеуі – өзекті мәселелердің бірі. «Таза Қазақстан» бастамасы осы мәселелерге бейжай қарамай, халықты бірлікке, тәртіпке және саналы әрекетке шақырады. Көшені, ауланы, қоғамдық орындарды таза ұстау – мәдениетті қоғамның айқын көрінісі.
Бұл бастама арқылы тұрғындар арасында экологиялық сана қалыптасып, жастарға үлгі боларлық игі істер жүзеге асуда. Тазалық акциялары, ағаш отырғызу, сенбіліктер мен түсіндіру жұмыстары адамдарды табиғатты сүюге, туған жеріне жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді. Таза орта – дені сау ұлттың негізі, ал дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің тірегі.
Сондықтан «Таза Қазақстан» – уақытша шара емес, ұзақ мерзімді ұлттық құндылыққа айналуы тиіс. Әр азамат өзінен бастап, айналасына үлгі болса, еліміздің әр өңірі көркейіп, Қазақстан таза да жасыл мемлекет ретінде болашақ ұрпаққа аманат болып қалады.
Толқын ТАЛИПОВА,
Жастар ресурстық орталығының басшысы.
