Тапсырма орындалуымен құнды

Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте соңғы 9 айдағы бюджеттің орындалуы және жыл соңына дейінгі болжамды қорытындысы мен 2025-2026 жылдарға арналған жылыту маусымының өту барысы қаралды.

Өңір басшысы бюджет орындалысы бойынша көрсеткіші төмен бағдарлама әкімшілерінің қаражаттарды жыл соңына дейін сапалы, заңға сәйкес игеруін міндеттеді. Сондай-ақ аталған жұмысты жауапты әкім орынбасарының бақылауда ұстауын қатаң талап етті.

Сонымен қатар облыс әкімі жылу беру маусымына қатысты шағымдарды жіті бақылауда ұстап отыру қажет екендігін жеткізді. Бұл ретте өңір басшысы қала-аудан әкімдеріне әлеуметтік желілерге мониторинг жасап, түскен өтініштер бойынша тиісті жұмыс ұйымдастыруды, мекенжайларға арнайы барып тексеріп отыруды тапсырды.

Аталған мәселеге қатысты облыс әкімі білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қорғау басқармаларына қарасты нысандардағы ахуалды күнделікті назарда ұстауды, ақпараттандырып отыруды міндеттеді.