Танымға тамызық тастаған…
Жақында Нұр-Сұлтандағы «Кәусар» баспасынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын Батырбек МЫРЗАБЕКОВТІҢ «Аманат» атты романы жарық көрді. Романға шамамен XIX ғасырда Ұлытау өңірінде өмір сүрген, ел ішінде «Төрт босаға» атауымен танымал болған, аймақ жұртының бейбіт, берекелі тірлігі үшін тер төккен, бірлікті, татулықты ту еткен Сандыбай батыр ТӨЛЕКҰЛЫ, Қадір би ТҮРІКПЕНБАЙҰЛЫ, Шегір би ШАЛАБАЙҰЛЫ, Бабыр би БӨКЕНШІҰЛЫ мен Ерден батыр САНДЫБАЙҰЛЫ сияқты тарихи тұлғалардың тағдырлы өмір жолы мен сол кезеңнің қилы-қилы оқиғалары арқау болады.
Бірден айтайын, қарымды журналист, қаламгер Б.Мырзабековті ақын ретінде де бағалаймын. Аз жазса да, саз жазатынын білемін. Осыдан тура 25 жыл бұрын Абайға арналған мүшәйрадағы өлеңі айрықша ұнап еді. Кейде бір ән әншінің бағын, керісінше, бір әнші әннің бағын ашатыны сияқты, сол туынды Батырбек ақынның шығармашылық қуатын танытатын һәм шығармашылығында маңызды орынға ие болған өлең деп ойлаймын. Ал, сол ақынның мына «Аманат» романын аздаған күдікпен қолға алғанымды жасырмаймын. Өйткені, оның қаламынан шыққан романды оқыған да жоқпын, естіген де жоқ едім.
Асылы, өнер туындысын таным, тәлім, эстетика тұрғысынан бағалау Аристотель заманында басталған. Солар тұтаса келіп, жанрлық сипаттарды туғызады. Жанр – тарихи категория. Көркемөнер уақыттық мәнге ие. Көркем туынды – қаламгер қиялынан туатын дүние. Алайда, эстетикалық талғам биіктігі үшін автор әлеуметтік сипаттағы шығармалардай қиялға көп орын бөле алмайды, егер туындысы нақты тарихи оқиғалар ізімен жазылса… Ал, «Аманатқа» арқау болған жайттар, негізінен, өмірде болған нақты оқиғалар мен құбылыстар. Мазмұнымен, адамзатқа үлгі болар рухани шүйгіндігімен осы төрт босаға Уақыт пен Кеңістік сияқты тарихи-философиялық ұғымдарды бұрынғы, бүгінгі, ертеңгі деген сәттерге бөлген. Үштағанның тереңдігі Ұлытау өңірінде өте ежелден-ақ бастау алып, иісі түркі, иісі Алты Алаш пен қазақ қауымының ұзақ-сонар тарихын біртұтас тәсілмен қарастыруға алғышарттар жасаған. «Төрт босаға» («Бағаналының төрт босағасы») – батырлық, билік, әділдігімен ел құрметіне бөленген аса ірі тұлғалардың ортақ атауы. «Төрт босаға» – баршаға бірдей теңдікті, әділдікті тең ұстаушылар деген ұғымды да білдіреді. Олар тарихта аты мәлім болған Қадір би, Шегір би, Бабыр би, Сандыбай батыр деп республикалық, облыстық, өңірлік энциклопедияларда көрсетіліп, дәйектелген. Екіншіден, роман өзегіне XIX ғасыр мұғдарындағы осынау ірі құбылыс арқау болған да, ежелгі тарих сілемдері баяндау тәсілімен өте ықшам берілген. Уақыт жағынан біздің қазіргі заманымызға бір табан болса да жақын болғандықтан, фольклорлық мұраларда әсірелеу аз. Демек, бұл да автордың жауапкершілігін күшейтетіні сөзсіз. Үшіншіден, басқасын айтпағанның өзінде сол «Төрт босаға» биінің бірі Шегірдің алып кеңістікте орналасқан Ұлытау, Бетпақ, Есіл, Сыр бойын мекендеген халқына перменді билігімен, уәлі тілімен, тұтқиыл шешімімен танылуы, Қадір бидің ұлттық топырақтан тамыр тартып, шешендігі мен әділдігі арқасында бағзыдағы грек, рим жүйріктерімен иық тіресе алатындығы, би, әрі мырза Бабырдың Кенесары қозғалысына қатысты көзқарас, әрекеттері, өңірдің кенді аймағын игерудегі еңбектері, Сандыбайдың, оның ұлы Ерденнің сол уақыт аясындағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттарды өздері қалыптастырудағы рөлі – бәрі де осынау тарихи тұлғалардың әрқайсына тарихи туынды арнауға болатынын дәлелдеп тұр. Кезінде көне дәуірдің тарихшы-зерттеушілері Геродоттан бастап, сәл бертіндегі Рычков, Николаев, М.Қозыбаев, Т.Садықов, Қ.Ахметов, т.б. ғалым, публицистердің жазғандары бар, бұл өңірдің ғасырларды, дәуірлерді қамтитын тарихы – том-том шығармалардың өзегі боларлық үлкен тарих. Ал, ел аузында айтылып жүрген ауызша тарихтың ауқымы, тіпті, орасан. Осындай мөлшердегі деректер мен ел әңгімесіне арқа сүйей отырып, тарихи шындық өзегінен алшақтап кетпей, көркем туынды жазып шығуға жүрегі дауалаған авторды тек қана мадақтаған жөн шығар!
Жазушы қандай жанрды таңдаған? Тарихи шындық пен көркем шындықтың ара қатынасы үйлесім таба алмаған ба? Төрт босаға табан астында пайда болған бір мифтік құбылыс па? Әлде, түпсіз тереңнен тамыр тартқан дәстүрі бар ма? Бұл құбылысты дәстүр деуге бейімбіз, алайда, әбден орныққан дәстүрдің өзі әу баста жаңашылдық боп дүниеге келеді ғой, ал қанатын жайып, берік орнықса, дәстүрге айналмақ. Бұл жайды автор қамти алған ба? Арқа төсінде XIX ғасырда орын алған құбылыс неліктен феноменге айналды? Ол тек қазақ жерінің орталық өңірін мекендеген бір ғана ру-тайпалық құрылымға тән бе? Даралау мен жинақтау факторлары қалайша жүзеге асқан? Авторлық ұстаным, қаламгерлік тұжырым атақты сөз зергерлерінің стиліндегі ізденістің шылауында кеткен бе, әлде өзіндік қолтаңбасы бар ма?
Егер романға осындай проблемалар тұрғысынан келсек, біраз ойларды айтуымызға алғышарттар жасалатыны сөзсіз.
Роман авторы сюжеттік-композициялық құрылымның тұтастығына мазмұн мен пішіннің бірлігін сақтау арқылы қол жеткізуге тырысқан. Экспозиция рөлін атқарып тұрған кіріспе бөлімдегі тама жігіттері Тоқтарбай мен Сәдірдің шешімі, Қадір биден именуі, райларынан қайтуы – Ұлы Даланың ірі биін ғана емес, өзгеге бодан бола қоймаған бұла замандағы қазақы болмысты пір тұтуы. Онда уақыт та өзгермеген, ұлттық рух та аласара қоймаған кез. Ал, романның эпилог қызметін атқарып тұрған соңғы бөліміндегі көркемдік шешім тарқатылар тұстағы Қадір бидің Ерден қапыда қаза болғанда күңіреніп, шарасыз күйге түсуі, сол сәтте немересінің тіл қатуы әрі символ, әрі деталь, әрі астарлы ой арқылы ұлы бидің ғана емес, иісі қазақтың, иісі мұсылманның Тәңірінің ұйғарымына бой ұсынуы ғана емес, Зұлымдық пен Шындықтың еш ымырасыз тартысындағы соңғысының мерейі үстем болатынына деген берік сенім деп қабылдағанымыз орынды.
«Төрт босаға» атанған Сандыбай батыр Төлекұлы, Қадір би Түрікпенбайұлы, Шегір би Шалабайұлы, Бабыр би Бөкеншіұлы және сәл кейінірек әкесі Сандыбайдың орнына ие болған Ерденнің бейнесін сомдау арқылы автор Уақыт атты құдіреттің ырқына бағынған. Сандыбайдың орнын өз қалауымен емес, халықтың қалауымен иеленген Ерденнің алған орнын көріп, Абайділданың әкесіне: «…Билікке жету үшін әкеміздің өлуін күтейік пе?» –деуі әкесінің ғана емес, қалың елдің аманатын терең түсінгені, ал, осындай сөзді өзге ешкімнің айта алмауы көп нәрсені аңғартатынын жазушы астарлап, полифониялық тәсілмен бере алған. Бағаналы қарабалаға жататын Өтебай бидің Орта жүзге билік айту дәрежесіне жетуі, қалың Қоңыратты билеген Абақ төре, эпизодтық бейнелер Қабылан, Сарт, т.б., Айсара-Қадір байланысы, Қарабала, Төртқара, Сарғалдақ болыстары, Бағаналыға хан болған Барлыбай кезінен бастап, Қоқанға қарсы күрес, жас Сандыбайдың жекпе-жекте Қоқан батырын өлтіруі, хан ұсынысымен Сандыбайдың ұранға да, ру атына да айналуы – оқырман танымының көкжиегін кеңейткен тәсіл әрі «Бағаналы – басты орда» ұғымының пайда болу тарихына барар саты іспеттес. Авторға бұл тәсіл қатпарлы тарихтағы Кетбұқа, Домбауыл, Найман ханы Таян, Темушин (Шыңғыс хан), Жошы, т.б. тарихи тұлғалар ғұмыр кешкен уақытқа үңіліп, «Бағаналы – басты орда» деген (төрт құбыланың сай болуы) Шыңғыс хан батасының айтылуы сырына үңілуіне мүмкіндік берген.
Шаңырақ – көшпелілер үшін киелі ұғым. Шаңырақты бақан көтереді. Жошының Кетбұқа мен Келбұқа өтініштерін ескеріп, біріне – бақан, біріне балта таңбасын үлестіруі ұтымды танымдық сипатты ғана емес, белгілі бір дәрежеде өркениет биігінен өзгеге көз салар асқақтық символы дегеніміз жөн. Роман эпикалық тұрғыдан аса ауыр әлеуметтік әрі проблемалық жүкті мойнына алғандықтан, автор ғаламат дерек, ақпараттар тұтқынында қап, келте қайырудан сақтанған, сөйтіп, сюжеттік желілерге эпизодтық шегіністермен Манас батыр, Көкенайдың асы, Тұран сұлтаны Апрасяп, т.б. тұсындағы тарихи, саяси хал-ахуалды білдіретін жайттарды енгізіп отырған. Басында негізгі нысаннан ауытқып, ауа жайылушылық элементтері белең алып кеткен жоқ па деп күдіктенгенімізді жасырғымыз келмейді. Пайымдай келе, бір ақиқатқа ден қойдық: ол – арғы-бергі тарихта адам баласына Уақыт атты құдыреттің өз дегенін орындатуға тырысатындығы. Демек, әртүрлі уақыт аясындағы АДАМ-САНА-ҚОҒАМ үштағаны бұрыннан болмысыңа ұя сап келе жатыр екен, ал, ол тиімді ме, жоқ па, жел қуалаған қаңбақтай жөңки береміз де, жөнсіз әрекетке қарсы қояр амалымыз қандай болмақ деген ақыл-ойды алдыңғы шепке шығарады екен.
Тартыс – өнер туындысына қажетті атрибут. Тартыс мінезді ашады. Мінез қандай адам екеніңді аңғартады. Мінез – адам атты әрбір жаратындының бағы да, бары да, нары да, қысқасы, қалай болғанда да оның бүкіл байлығы. Бұлар да адамзат тарихымен бірге жасасып келе жатыр, тек әр уақыт аясындағы тартыстың тактикасы жағдайға қарай өзгеріп отырады. Романда Сандыбайдың жекпе-жекте Қоқан батырын өлтіруі, арада недәуір уақыт өткен соң қайтыс болған Сандыбайды жерлеу рәсімі алдында Алапанның (Дарухытай) елінен білдірмей келіп, батырдың ақтығын ұрламақшы ниеті, қолға түсуі, билердің алдында өзін Дүрді жүзбасының жұмсағанын мойындауы, өлімнен қорықпай ақиқатқа мойынсынуы сияқты тартысқа толы бөлім мен Ресейге қараған Бағаналы елін губернаторға арыз арқылы жамандап, іріткі салуға Қоқан билігінің жанталаса кірісуіндегі орын алған тартыс Жақсылықпен қатар Зұлымдықтың да иық тіресіп, бірге жасайтындығын, өкінішке қарай, көп ретте соңғысының мәртебесі үстем боп шығатынын роман сюжеті еш әсіресіз, терең емеурін, ишаратпен жеткізе алған. Роман соңындағы уақыт аясында қазақ жеріне дендей еніп келе жатқан алапат өзгерістер, Ресей отаршылдығынан Қоқан, Бұқара, т.б. сияқты туысқан елдерді қазақтың қалқан боп қорғауы ешкімнің санасына ой салмағаны анық. Ақыры, қазақпен ұжымдасам деген ниеттің жоқтығынан олардың тағдыры не болғаны белгілі. Өктемдік саясаты мысықтабандап еніп, қазақтың мықтыларының арасына да жік салғаны аға сұлтан сайлауы кезінде байқалғанын автор ұзақ-сонар баяндауларға салынбай-ақ, салмақты штрихтермен тиімді түрде бере алған. Құнанбай, Есеней, Алшынбай, Ерден, Шыңғыс, Қоңырқұлжа, т.б. ірілердің осынау тұстағы сөзі, пікірі, ұстанымы, губернатордың ішкі пиғылының Ерденге ашылуы (Ерденді есіркегендіктен емес), Шоқан-Ерден қарым-қатынасы, ал, сол дүрбелеңнің алдында Кенесарының Ұлытау өңіріне келуі, хан сайлануы, сол уақыт аясындағы өзгерістер, Құлшық-Кенесары, Ерден-Кенесары, жалпы «Төрт босаға» билерінің ықпалындағы Бағаналы жұртының Кенесары қозғалысына деген көзқарасы, ал, жоғарыда айтылған алапат қос оқиға тұсында дербестігін жоғалта қоймаған Қадір бидің «…елге келген екен, кешегі Абылай да осы киелі жерді құрметтеп өтіп еді ғой, Кенесарының да, Шоқанның да тауы шағылмасыншы» деп билік айтуы, аға сұлтан болысымен, билік кеңсесін Ұлытауға көшірмек болған Ерденнің әрекеті, дауыл мен ызғардың, сыртқысы бар, ішкісі бар, жымысқы зұлымдықтың өтінде болған, арманы елінің дербестігін қасық қаны қалғанша сақтау болған, сол мақсат үшін жанкешті істерге барған Ерден Сандыбайұлының, Қадірдің, Шегірдің, Бабырдың, т.б. ірілер мен ұлылардың кесек іс-әрекеттерінің сырын немен түсіндіруге болады? Ел арасында алқып-шалқып ғұмыр кешуіне, орыс билігіне қызметке тұрса, ақылы да парасаты да, беделі мен байлығы да жететін еді ғой, ендеше, осынау екінің бірі түйсіне бермейтін биіктіктің сыры неде деген ойға берілетіні анық оқырманның.
Біз де ойландық. Автор жалаң да құрғақ баяндаудың шылауында шешенсіп, қызыл тілді безеудің ырқында кетпепті. Тіпті, әр кейіпкерге ұзақ-сонар мінездеме беру, авторлық тұжырымдамасы мен ұстаным ұстынын, негізгі идеясы мен эстетикалық идеясын да ашық көрсетуден бойын аулақ салыпты. Романда характерді ашатын айшықты психологизм, пейзаж, ой ағымы аздау, эпикалық дүниеде екінші қатарға сырғып кеткен баяндау басым сияқты көрінуі мүмкін бір қарағанда, алайда, қаламгер қарадүрсін баяндау емес, характерлі баяндауды (мінезді) қолайлы көріп, әлгі компоненттерді соның аясына
сыйғызуға бел байлағаны анық көрінеді.
Түйгеніміз не? Романды оқып болғаннан кейінгі әсеріміз бен байламымыз қандай? Ірілер де, ұлылар да мына опасыз жалғанның тым келте екенін түсініп, Алланың берген ұлы сыйы – Өмір атты керуен-көште арттарына өшпес із қалдыруға тырысқан екен. Ал ондай ізгілікті әрекетке бастап тұрған жайт – АМАНАТ екен. Ата-бабалар АМАНАТЫ. Ғасырларды көктей өтіп жеткен АМАНАТ. Кешегінің бүгінгіге,бүгінгінің ертеңге деген АМАНАТЫ…
Қаламгер Б.Мырзабековтің «Аманат» романындағы құндылық та, айтар ой да, пайым мен пікір де осы болса керек.
Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР Мәдениет қайраткері.