Тамақтан улану, оның алғашқы белгілері мен алдын алу жолдары

Тамақтан улану – табиғаты микробты және микробсыз болып бөлінетін, ластанған тағамдарды қолдану салдарынан пайда болатын ауру. Жүрек айнуы, құсу, температураның көтерілуі, денедегі ауырсыну және бас ауруы – уланудың негізгі белгілері болып табылады.

Тамақтан улануға мерзімі өткен сүт өнімдері, нитраттары көп тағам өнімдері, жабық консервілер – бірден-бір себеп. Уланудың алғашқы белгілері тамақтан кейін бір-екі сағаттан кейін пайда болуы мүмкін, басқа жағдайларда олар қоздырғышқа байланысты 12 және одан да көп сағаттан кейін пайда болады. Уланған адамда жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы, жиі (тәулігіне 10-20 рет) іш өту пайда болады.Тамақтан улану жылдың кез келген уақытында болады. Көктем, жаз айларында тамақтан улану жиі тіркеледі. Уланудың негізгі себебі – тағамның жарамдылық мерзімі мен пісірілген тағамды сақтау шарттарын сақтамау болып табылады. Естеріңізге сала кетейік, балық, ет тағамдары, майонез және жұмыртқа қосылған салаттар, сүт тағамдары, ірімшіктің жұмсақ сорттары, ақуыз кремі бар торттар үстелде 4 сағаттан кейін немесе тоңазытқышта 2 күннен артық уақыт тұрса, ішінде бүлініп, ауыр улануға себеп болуы мүмкін. Бүгінгі күні тамақтан улануды тудыратын бактериялардың алты түрі бар: ішек таяқшасы (шикі сүт және толық пісірілмеген ет); моноцитогенді листериялар (шикі жемістер, құс еті, жұмсақ және қатты ірімшіктер); ботулизм (нашар өңделген консервіленген көкөністер мен ет); патогендік клостридиялар (60 градустан төмен температурада дайындалған ет немесе балықта пайда болады); сальмонеллалар (жұмыртқа, пастерленбеген сүт); стафилококк (тамақ дайындау кезінде жеке гигиена сақталмаған кезде пайда болады).
Тамақтан улануды болдырмау үшін алдын алу шараларын қатаң сақтаған жөн. Алдын алу шаралары келесі ережелерді сақтаудан тұрады: 1.Қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында санитарлық бақылауды ұйымдастыру. Пісіру технологиясының сақталуын, сондай-ақ өнімдерді сақтау шарттары мен оларды іске асыру мерзімдерін бақылау қажет. 2.Қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істейтін немесе өнімдер мен және дайын тағамдармен байланыста болатын қызметкерлерді үнемі тексеру. Күн сайын мұндай қызметкерлердің қолының күйін жаралар мен іріңдердің бар-жоғын тексеру қажет, анықталған жағдайда ауруханаға жіберу керек. Сонымен қатар, жарты жылда бір рет кәсіпорын қызметкерлері токсикоинфекция қоздырғыштарына тест тапсыруы керек. Санитарлық кітапшаны ресімдемей және оны үнемі жаңартып отырмай, осы салада жұмыс істеуге тыйым салынады. 3. Жеке гигиена ережелерін сақтау. Азық-түлік дайындалатын және азық-түлік қоры бар бөлменің тазалығын бақылау маңызды. 4. Ас үйде тағамның әр түріне – ет, балық, салат үшін бөлек кесу тақталарын бөлу керек. Бұл тамақтан улану қаупін азайтуға ғана емес, сонымен қатар бір тағамның бөлшектерінің екіншісіне енуіне жол бермейді. Пісіргеннен кейін кесу тақталарын қайнаған сумен жуу керек.
Денсаулығыңызға зиян тигізбеу үшін таңдауды талап етіңіз және мұқият болыңыз. Тексерілген өнімдерді сатып алыңыз, олардың жарамдылық мерзімін сақтау шарттары мен пісіру ережелерін сақтаңыздар.

Жадыра КӨПЕШ,
Ұлытау аудандық санитариялық-эпидемиялық бақылау басқармасының жетекші маманы.