ТАЛДЫСАЙ АУЫЛЫНДА ИНТЕРНЕТ БАЙЛАНЫСЫ ҚОСЫЛДЫ

Ұлытау ауылдық округіне қарасты Талдысай елді мекенінде бүгін Jusan Mobile компаниясының қолдауымен One Web спутниктік жүйесі орнатылып, Wi-Fi интернет желісі іске қосылды.

Бұл – ауыл тұрғындары үшін аса маңызды оқиға. Бұған дейін байланыс мүмкіндігі шектеулі болып, төтенше жағдайлар кезінде немесе жедел жәрдем шақыру қажеттілігі туындағанда ақпаратты жол үстіндегі жүргіншілер арқылы жеткізуге тура келетін. Енді жоғары жылдамдықтағы интернеттің қосылуы ауыл халқына толыққанды, тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Шараға Ұлытау ауылдық округінің әкімі Талғат Әбжаппаров қатысып, тұрғындармен бірге игі бастаманың маңыздылығын атап өтті. Ауыл тұрғындары көрсетілген қолдау үшін және елді мекеннің цифрлық дамуына қосқан үлесі үшін Jusan Mobile компаниясына ризашылығын білдірді.