Талдысайға интернет келді
Ауданымызға қарасты Талдысай елді мекені үшін 2025 жылдың қарашасы тарихи белес болып қалмақ. Себебі, ауылда алғаш рет тұрақты интернет байланысы іске қосылды. Бұл игілікті іс Jusan Mobile компаниясының қолдауымен жүзеге асып отыр. Компания ауылға One Web спутниктік жүйесін орнатып, тұрғындарға Wi-Fi желісін ұсынды.

Жылдар бойы ақпараттық байланысы мардымсыз болып келген шағын ауыл үшін бұл – шынымен де үлкен жаңалық. Бұған дейін Талдысай тұрғындары телефон байланысы немесе интернет болмағандықтан, тіпті қарапайым хабарлама жіберу үшін жолға шығып, кездейсоқ жүргіншілерді тоқтатып жіберіп отыратын. Әсіресе, төтенше жағдайлар кезінде байланыссыз қалу айтарлықтай қиындық тудырған еді.
Ал енді One Web жүйесі арқылы орнатылған жоғары жылдамдықты интернет ауыл өміріне тың серпін қоспақ. Бұл – жедел жәрдем шақыру, құжат рәсімдеу, мемлекеттік қызметтерге онлайн жүгіну, балалардың білім алуына жағдай жасау, шаруалардың цифрлық сервистерді пайдалану сияқты күнделікті қажеттіліктерді жеңілдететін маңызды қадам.
Интернеттің іске қосылуына орай өткен шағын жиынға Ұлытау ауылдық округінің әкімі Талғат Абжаппаров қатысып, бұл бастаманың маңызын атап өтті.
— Талдысай – ауданның алыста жатқан елді мекендерінің бірі. Қандай жаңалық болса да алдымен байланыс керек. Бүгін орнатылған жоғары жылдамдықтағы интернет – ауыл өмірін түбегейлі өзгертетін қадам. Бұл, ең алдымен, халықтың қауіпсіздігіне, балалардың білім алуына, шаруалардың жұмысын жеңілдетуге қызмет етеді. Мұндай қолдауды біз көптен күткен едік, – деді округ әкімі.
Ауыл тұрғындары да Jusan Mobile компаниясына алғыстарын жаудырып, бұл жаңалықты «талай жылдан бергі арманымыздың орындалуы» деп бағалады.
Талдысай ауылында интернеттің қосылуы бір ғана цифрлық байланыс емес, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Оқушылар онлайн сабақ оқи алады, интернеттен түрлі білім платформаларын пайдаланып, қашықтан олимпиада мен байқауларға қатысуға мүмкіндік алады. Шаруалар мемлекеттік бағдарламаларға онлайн өтініш жіберіп, субсидия, несие, грант секілді қолдауларға жүгіну мүмкіндігіне қол жеткізеді. Медициналық қызметті онлайн форматта пайдалану, дәрігермен байланысу, жедел жәрдем шақыру мәселесі жеңілдейді. Тұрғындар электронды үкімет қызметтерін қиналмай ала алады. Ауыл жастары интернет арқылы жұмыс табуға, оқуға түсуге, қосымша білім алуға жол ашады.
Көпшілік бұл игілікті қадамның ауылдың болашағына жаңа дем беретінін, елді мекеннің әлеуметтік және экономикалық дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.
Бүгінгі өзгеріс – Талдысайдың ғана емес, жалпы өңірдің цифрландыру бағытындағы қарқынды жұмыстарының бір бөлігі. Аудан көлемінде шалғай елді мекендерді кезең-кезеңмен интернетке қосу жоспары бар. Бұл – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясындағы маңызды міндеттердің бірі. Ауылға интернет келуі – көзге көрінбейтін, бірақ ауылдың әлеуметтік өмірін түбегейлі өзгертетін үлкен қадам. Талдысайдағы қуанышты жағдай соның айқын көрінісі. Алдағы уақытта ауылдың әлеуеті артып, тұрғындары заманауи мүмкіндіктерді пайдаланып, өмір сапасы жақсара түсері сөзсіз.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
