Талдыбұлақ ауылында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында орналасқан Талдыбұлақ ауылында учаскелік полиция пункті ашылды. Нысан тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуге, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Салтанатты шараға ауыл тұрғындары мен аудан басшылығы қатысты. Жаңа пункт ауыл азаматтарына құқық қорғау органдарына жүгінуді жеңілдетіп, полиция қызметкерлерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
“Бұл – ел тыныштығын сақтауға жасалған нақты қадам. Ауылдастарымыз үшін үлкен қолдау болмақ,” – деді ауыл ақсақалдары.
Талдыбұлақ ауылы салауатты өмір салтын насихаттап келе жатқан елді мекендердің бірі. Бұған дейін тұрғындар бірауыздан «Ішімдіксіз ауыл» бастамасын қабылдаған. Жастардың ұсынысы мен ақсақалдардың қолдауымен ауыл дүкендерінде алкоголь өнімдерін сату тоқтатылды. Қазіргі таңда Ұлытау облысында Талдыбұлақты қоса алғанда 19 ауыл ішімдіксіз өмірді таңдады. Бұл бастама ауылдардағы қоғамдық бірлікті арттырып, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына оң ықпал етіп отыр.
Талдыбұлақ – табиғаты көркем, бұлағы мөлдір, мал шаруашылығына қолайлы ауыл. Жергілікті тұрғындар еңбекқорлығымен және ынтымағымен ерекшеленеді. Бүгінгі күні елді мекенде жаңа әлеуметтік бастамалар жүзеге асып, заманға сай өзгерістер байқалуда.
Жаңа учаскелік полиция пункті мен ішімдіксіз өмір салты – Талдыбұлақ ауылының қазіргі даму бағытын айқындайтын маңызды қадам.