ТАҒДЫРЫ ТАҒЫЛЫМДЫ ТҰЛҒА Ұлытаудың ұланы Қозы-Көрпеш Байтоқов – 70 жаста
Жетпіс жас – адам ғұмырының ең бір салмақты, ең бір саралы кезеңі. Бұл жасқа жету – жыл санау ғана емес, ел алдында атқарған ісіңе, жүріп өткен жолыңа есеп беретін кемел шақ. Осындай биік белеске көтерілген Қозы-Көрпеш Байтоқовтың өмір жолы – бір адамның тағдыры емес, тұтас бір дәуірдің тынысын аңғартатын тағылымды ғұмыр.

Сол тұрғыдан келгенде Қозы-Көрпеш Тамабайұлының өмір жолы – ХХ ғасырдың аласапыран белестерін, аумалы-төкпелі кезеңдерді, еңсесін тіктеген егемен елдің алғашқы қадамдарын айқын көрсеткендей. Олай деуімізге толық негіз бар.
Ол 1955 жылдың 27 желтоқсанында ел аузында «Рудник» аталып кеткен Жезқазған поселкесінде дүниеге келді. Өндірісі қайнаған, еңбек ырғағы бір сәтке толастамаған ортада өскен бала жастайынан жауапкершілік пен тәртіпті бойына сіңірді. Бұл қасиеттер кейін оның бүкіл өмір жолының өзегіне айналды. Ал, әкесі Тамабай Байтоқов пен анасы Бибігүл Ахметова өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татқан жандар еді. Тамабай әулеті – тағдыры күрделі, тарихы қатпарлы әулет.
Тамабай үш ағайынды болатын. Үлкен ағасы Нарынбай 1910 жылы туған, Қарсақбай теміржолында машинист болып еңбек еткен. Соғыс жылдары броньмен зауытта қалып, тылда тер төкті. Ал, 1922 жылы туған ортаншы ұл – Сақтапберген қан кешкен қасап заманда майданға аттанып, жаумен шайқаста қаза тапты. Ол соғысқа есімі өңірге өте танымал тұлға, «Даңқ» орденінің толық иегері Жақсымбет Үншібаевпен бірге кірген. Кейін Жақсымбет ақсақал: «Әкеңмен бірге болдық, төртінші ұрысқа кіргенде ерлікпен қаза тапты» деп еске алып отыратын. Кейін іздеу салынып, Сақтапбергеннің Беларуссия жерінде жерленгені анықталды. Әскери комиссариат деректерінде оның бір ұрыста тоғыз жау солдатын, бір офицерді жойғаны жазылған.
Әке-шешеден ерте айырылған үш ағайындының жасы кішілерін ұлдың ересегі Нарынбай жетелеп жүріп жетілдірді. Бір інісі соғыста опат болған соң, кенжесін еңбекке баулып, үйлі-баранды етті. Бұл қазақтың ағалық, бауырмалдық мектебінің шынайы үлгісі еді.
– Анам Бибігүл 19 жасында тұрмысқа шығып, 20 жасында мені дүниеге әкелген екен. Ол Шеңбер өңірінен шыққан Ахмет ақсақалдың қызы еді. Он құрсақ көтерді. Соның жетеуі, шүкіршілік, бүгінгі күні жер басып жүрміз.
Қазақ қашанда ағайынның бірлігін ойлаған халық қой. Сол мақсатта, ағайын арасы алыстап кетпесін деген ниетпен тұңғыш баласын жақын жанашырының бауырына салған. Әкем Тамабай да мені әуелі Нарынбай ағасының қолына беріп еді, кейін ұл көрмеген Ахмет нағашымның бауырына салды. Мен сол нағашымның шаңырағында өсіп, ер жеттім. Қорғасын ауылының көрген жанды тамсантар табиғаты, атамның сабырлы мінезі, әжемнің мейірімі менің азамат ретінде қалыптасуыма айтарлықтай әсер етті. Кішкентайымнан нағашы әжем Зейнештің жанында жатып өстім. Бес жасымда әке-шешем Рудникке алып кетіп, мектепке берді, – деп еске алады Қозекең.
Ол №10 мектептен білім алып, кейін №7 мектепте он жылдықты тәмамдады. Оқушы кезінен-ақ әр демалысын Шеңбер совхозының орталығы Қорғасын ауылында ата-әжесінің қасында өткізіп, ауыл тіршілігіне етене жақын болып өсті.
Мектептен кейін Қарағанды политехникалық институтының тау-кен факультетін тәмамдап, инженер-механик мамандығын алды. Еңбек жолын №65 шахтада бастап, механик, учаске бастығы қызметтерін атқарды. Өндірістің қатал тәртібі оны ерте есейтті, адамдармен жұмыс істеуге үйретті.
1977 жылы Алматының тумасы Сәуле есімді арумен шаңырақ көтерді. Отбасында Бауыржан және Талғат атты ұлдары дүниеге келді. Бүгінде олардан тараған немерелер – әулеттің көзайым қуанышы.
– 1981 жылы кезекті демалысымның бірінде Шеңберге барғанымда Ахмет атамның қатты қартайғанын көрдім. Қыздары түгел тұрмыста, қарайласатын адам жоқ. Қалаға келгенімде әкеме: «Ұлытауға барып, атама қарайын» деп, түбегейлі шешімімді айттым. Әкем Тамабай батасын беріп: «Мені жетім демей, әлпештеп отырған қызын беріп, баласындай көрді. Сен сол кісінің бауырында өстің, баруың – парыз» деп шығарып салды, – дейді Қозы аға өткен өмірін тағы бір мәрте еске алып.
Осылайша Қозы-Көрпеш шахтадан шығып, Терісаққан совхозына инженер болып орналасады. Атасын көшіріп алмақ болғанда, көреген қария: «Балам, мен сенің жолыңа тұсау болмайын. Қызметің өсер, көшіп-қонуың қиын болар» деп өзі бас тартады. Бұл, әрине, бір әулеттің ғана емес, бір дәуірдің даналығы еді.
Коммунистік партияның кадр іріктеуде өзгеше бір тәртібі болатын. Оның мәні – партиялық қызметке келетіндер әуелі шаруашылықта қызмет етіп, ысылуы тиіс. Қозы-Көрпеш Байтоқовтың Терісаққан совхозында атқарып жүрген жұмыстарын сырттай бақылап отырған аупарткомның басшылары оны ауданға шақыру туралы ұйғарым жасайды. Ол үшін алғашқы кезекте шаруашылықты басқару саласында өмір мектебінен өтуі керек. 1983 жылы Ұлытау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жаманқұл Шайдаров Қозы-Көрпешті Сарыкеңгір совхозына кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп жібереді. Жеті айдан соң аупарткомға нұсқаушы қызметіне шақырылады. Жолдасы Сәуле аудан орталығындағы №1 орта мектепке директор болып тағайындалады.
…Қайда жүрсе де ата-әжесіне алаңкөңіл күйден арылмайтын Қозекең қос қарияның бұрынғыдан да қартайып, қажып қалғанын аңғарады. Содан сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сағадат Дүйсебековтің қабылдауына кіреді. Қашаннан әңгімені созбайлауды ұнатпайтын, нені болса да тіке айтатын мінезімен мәселені төтесінен қояды. «Мұнда қызмет қуып келген жоқ едім. Шахтадағы қызметті тастап, елге оралғандағы мақсатым – қартайған атам мен әжеме қарайласу болатын. Мен енді сол кісілердің қасында болуым керек», – дейді. Бұл – Қозы-Көрпештің адамдық болмысының айқын көрінісі. Ал, «Қызмет қуып емес, ата алдындағы парызын өтеу үшін келдім» деген сөзі оның өмірлік ұстанымын аңғартады.
Бұл 1986 жыл болатын. Аупарткомның бірінші хатшысы жігіттің түпкі мақсатына риза болды да, түсіністік танытты. Сөйтіп ол Терісаққан совхозына қайта оралады. Мұнда инженер әрі партия ұйымының хатшысы болып қызмет етеді. Партия мүшелерінің қатары ұлғайған соң совхоздың партия комитетін басқарады. 1989 жылы атасы мен әжесін қолына көшіріп алады. 1990 жылы Ахмет ата дүниеден өтіп, ата-бабаларының қорымынан жай табады.
Негізі Қозы-Көрпештің әуелден Терісаққанға баруына атасы себепкер болды. «Елге оралсам деген ойым бар» дегенді айтқанда атасы: «Келем десең, басқа жаққа емес, жаңадан құрылып жатқан Терісаққан совхозына бар. Келешегі зор. Оның үстіне өзіміздің ата-мекеніміз» деген еді.
Ата-мекеніміз деуінің де себебі бар. Шеңбер мен Терісаққан – Қараторғай өзінің қос сағасы. Бір кездері бұл өңір кеңестік сынақ алаңдарының бірі болды. Атылған зымырандар осы өңірге түсіп жататын. Сондықтан өңірдің байырғы тұрғындары – колхоздар тұрғындарын өндірісті Қорғасын кентіне көшіріп, оған «Шеңбер» совхозы деген атау берілді. Кейін Терісаққан совхозы құрылған кезде сол өңірдің байырғы тұрғындары атамекенге оралып, бір ауыл болған еді. Атасының меңзегені осы болатын.
1991 жыл. Ел тәуелсіздік алып, жаңа қоғамдық дәуір басталды. Партия тарады, билік тізгіні кеңес пен әкімдікке өтті. Ұлытау ауданының әкімі лауазымына Серік Тілеубаев тағайындалып, Қозы-Көрпешті өзіне орынбасар қызметіне шақырады. Оның жауапкершілігінде жол, құрылыс, коммуналдық шаруашылық мәселелері болды. Нарықтың алғашқы ауыр жылдарында бұл салаларды алып жүру – нағыз ерлікке пара-пар еді. Экономикалық қиын кезеңдерге қарамастан, ауданда жаңа өндіріс ошақтары да ашыла бастады. Сол кезеңде Қаракеңгірде Голландиялық үлгісімен ет өнімдерін өңдеу, Ұлытау совхозында италяндық сыр шығаратын цехтар ашылды. Ауданның бес өңіріндегі биік қырларға немістің «Роутер» желісіз байланыс жүйесі орнатылды. Жаңа тұрғын үйлер бой көтерді. Осы істердің басы-қасында Қозы-Көрпеш Байтоқов жүрді. Тұрғын үйлер құрылысына Мемлекеттік жоспарлау комитетіне барып, 1 млн. сом қаржы алып келді. Мұның бәрі ол кезде оңай шаруа емес еді.
Сол жылдары Сәтбаев қаласында жылу қазандығы істен шығып, қала қақаған аязда қысылтаяң күй кешіп қалды. Сол кезде облыс басшылығы Қозы-Көрпеш Тамаайұлын қала әкімінің бірінші орынбасары етіп жібереді. Ол түн ұйқысын төрт бөліп, екі жыл бойы қаланы қалпына келтіруге өлшеусіз еңбек сіңірді.
1996 жылдан бастап, Қозы-Көрпеш Байтоқов өзінің негізгі кәсібі – тау-кен саласына ауысты. Кен-шахта жабдықтарын жөндеу зауытына инженер болып келді. Жай келген жоқ, жаңа идеялар мен тың бастамаларды ала келіп, олардың жүйелі түрде жүзеге асуына басшылық жасады. Сол кезден бастап, зауытта жер астында өздігінен жүретін техникаларға сервистік қызмет көрсететін арнайы жүйе қалыптаса бастады. «Сервистік қызмет» деген атауға ие болған бүл жүйе уақыт өте келе үлкен құрылымға айналды. Осы құрылымды қалыпқа келтіріп, жұмысын жүйелеу үшін Байтоқов бастаған делегация бірнеше мәрте шет елдерге барып, олардан келетін техникалардың біздің өңірдегі жерасты жұмыстарына лайықты болуын тәптіштеп түсіндірді. Арнайы мамандар шақырып, жергілікті жігіттерді оқытты. Ол сонымен қатар, ауылдардан келген жастарды арнайы техникалық колледжде оқытып, мамандық алуына да мұрындық бола білді. Бұрын зауытта 400-ге тарта адам жұмыс істейтін болса, сервистік қызмет ашылғанда жұмысшылар саны 1000-ға жетіп, одан да асып жығылды. Алғашқыда қызметті қатардағы инженер болып бастаған Қозы-Көрпеш Байтоқов 2010–2020 жылдары іргелі кәсіпорынды басқарды. Бұл жылдар кәсіпорынның тиімді жұмыс істеуі және ұжымның әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған істермен есте қалды. Іскер азамат 2022 жылы зейнет демалысына шықты.
Әрине, төккен тер, еткен еңбек зая кеткен жоқ. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Құрметті кенші» мәртебелі атағы мен «Кенші даңқы» төсбелгісінің толық иегері болуы «AMANAT» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі сол өндірістегі ұзақ жылғы еңбектің жемісі.
Ал, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығымен берілген «Ерен еңбегі үшін» медалі оның елге сіңірген еңбегінің өтеуі болса, 2016 жылы «Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы» атануы – қалаға сіңірген еңбегінің лайықты бағасы.
«Көргені жақсы көш бастайды» дейді дана халқымыз. Ата тәлімін ұғынып, әке тәрбиесін бойына сіңірген Қозы-Көрпеш өзінен кейінгі іні-қарындастарына қамқор болып, оқытты, үйлі-баранды етті. Бүгінде 70-тің жотасына шыққан ол – өткеніне тәубе айтып отыратын, кейінгіге қалдырар өнегесі өлшеусіз азамат. Оның ең үлкен марапаты – тоқсанның төріне шыққан анасы Бибігүлдің ақ батасы мен бала-шағасының қапысыз құрметі.
Бұл – бір адамның ғана ғұмыры емес, бір дәуірдің өлшемі. Соғыс салған жара, кеңестік тәртіп, тәуелсіздік сындары… Сол сындардан сүрінбей өтіп, елге адал қызмет еткен Қозы-Көрпеш Байтоқовтың өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі, таптырмас тағылым.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
