Тәуелсіздік – қасиетті құндылық
Биыл Қазақ елінің бодандық бұғауынан босап шыққанына 29 жыл толады. Ат жалын тартып мінген азаматтың ордабұзар жасы – бұл. Әрине, тарих үшін мұның тым мардымсыз уақыт екені рас. Дегенмен, осы жылдардың ішінде еліміз сан белестің биігін бағындырып, сындарлы кезеңдер мен «әттең-ай» дегізерлік сәттерді де бастан өткерді. Мұның бәрі – тасқа басылған тарих. Оның бағамдалуы – алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа. Біз үшін дәл қазір Тәуелсіздіктің қадірін жете түсіну және оны баянды ете түсу жолында еселі еңбек етудің маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жүргізіп отырған сарабдал саясаттың тамыры мен өзегі осынау жасампаз ұстанымға негізделген.
Соңғы екі мыңжылдықта қазіргі Қазақстан Республикасының аумағында түркі халықтарының бірнеше ұлы мемлекеттері болған. Олар дамудың барлық сатыларынан өтіп, уақыт талабына сай, бірін-бірі тарихи реттілікпен алмастырып отырды. Әрине, сол алып мемлекеттердің ішінде Керей мен Жәнібек сұлтандар құрған Қазақ хандығының ерекше маңызға ие екенін айта кеткен жөн. Бұл ұлт болып ұйысқан халықтың азаттыққа деген ұмтылысы еді. Егер бұған дейін жалпы түркі халықтарын біріктірген империялардың кіндігі болсақ, Қазақ хандығын құрған сәттен бастап, ұлттық мемлекетке айналдық. Әйтсе де, бауырлас халықтарды бөтенсіп, шет қаққан кезіміз болған емес. Қазақ қашанда өзінің бауырмалдылығы мен дархан пейілін сақтай білді. Бұл туралы Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарлардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қарашаңырағын атажұртта сақтап қалған халық» деген болатын.
Қарап отырсаңыз, кез келген мемлекеттің дамудың шыңына шығып, өрлейтін және тоқырауға тап болып, кері кететін сәттері болады. Мұны тарихи шындық деп қабылдау керек.
Сол тәрізді хан-сұлтандардың ішкі алауыздығы мен сыртқы дұшпандардың қастығы Қазақ ордасын әлсіретіп, ХVIII ғасырдан бастап бодандық қамытына еріксіз мойынсұна бастадық. Әрине, өр рухты халықтың ұлдары бұған оңайлықпен төзген жоқ. Хандық билік жойылған сәттен бастап, ұлт-азаттық көтерілістері әлсін-әлсін ұйымдастырылып отырды. Алайда, күш тең емес еді. Соңғы үлгімен қаруланған отаршылдарды толық тойтарып тастау мүмкін болмады, бірақ, бұл бас көтерулер ұлттық сананы сақтап қалуға ықпал етті.
ХХ ғасырдың бастапқы тұсында Алашорда арыстары бас болып, Қазақ мемлекетінің іргетасын қалап, тәуелсіздікке қарай анық қадам басқан еді. Тағдыр талайы олардың асқақ арманының орындалуына мұрсат бермеді. Ал ғасыр соңына таман Қызыл империяның тегеуріні әлсіреп, қабырғасы қақырай бастады. 1990 жылы тәуелсіздік алу бағытындағы алғашқы нық қадамдар жасалды. Егемендік туралы декларация қабылданып, Семей ядролық полигоны жабылды. Сындарлы сәтте ел тізгінін қолына алған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін ерекше атап өткен абзал. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған сәтте әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің басым көпшілігі біздің елдің келешегіне күмәнмен қарады. Олай болар жөні де бар болатын. Себебі, жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, одан әрі даму жолына қарай бірге қадам басуы орындалмас армандай көрінетін. Әйтсе де, біз бұл қиындықты еңсере білдік. Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық татулық пен келісімді мызғымастай берік етуге жол ашты. Ең маңыздысы, іргелес елдермен өзара түсіністік ахуалындағы достық қарым-қатынас орнатылып, шекарамыз шегенделді. Мұның бәрі елде қай тұрғыдан да қолайлы климаттың қалыптасуына негіз қалап, шетелдерден инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Яғни, тым қысқа уақыт аралығында экономикамыздың өрісі кеңейіп, халықтың әлеуметтік ахуалы бұрынғыға қарағанда анағұрлым жақсара түсті. Ұмыт қалған ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, жоғымызды таптық. Бұл – Тәуелсіздік жемісі.
Төңіректі тұтасымен зерделеп, салмақты сараптама жасайтын білікті азаматтардың айтуынша, америкалық ғалымдар қандай да бір тарихи оқиғаға баға берер сәтте «Егер…» тақырыбында талқылау өткізеді екен. Мәселен, егер, Гитлердің бала күнгі арманы орындалып, ол суретші болып кеткенде әлемнің келбеті қалай болар еді? Егер, Ленин ұзақ жасап, Сталин билікке келмесе ше? Дәл осылай кете береді. Тарихи оқиғаны бұлай талқылау оның әділ бағасын беруге және салдары мен құндылығын түсінуге жол ашады екен. Біз де, осы тәсілге салып көрсек.
Егер, КСРО тоқырау жылдарын еңсеріп, іргесін сақтап, одақтас республикалар дербестігін жарияламағанда бүгінгі күніміз қандай болар еді? Бәлкім, тоқсаныншы жылдардағы қиын экономикалық кезеңді көрмес пе едік? Мүмкін әлеуметтік жағдайымыз қазіргіден де жақсы болар ма еді? Бірақ, бізде ұлттың басты құндылығы – Тәуелсіздік болмас еді, міне, бүгінгі күннің өткен шақтан артықшылығы – осында! Азаттыққа қол жеткізе алмаған болсақ, бабалар дәстүрі, төл тарихы мен ана тілі жоғалып, ұлттық болмысынан айырылған дүбәра халыққа айналуымыз кәдік еді…
Сондықтан да, 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының ел тарихында алар орны ерекше. Өйткені, ол бізге шынайы Тәуелсіздікті сыйлады. Ал, жаңа мемлекет құру жолында кездескен уақытша қиындықтар мен кейбір кезеңдерде кездесетін экономикалық-әлеуметтік тежелулердің айтарлықтай қатері жоқ. Экономиканы аз уақытта қалпына келтіріп, даму даңғылына салуға болады. Қазақстан бұл жолдан сүрінбей өтті. Өткенімізден бүгініміз – жақсы, бүгінгі күннен ертеңіміз жарқын. Сондықтан ұлттың қасиетті құндылығы – Тәуелсіздікті ардақтап, оны нығайта түсуге тынбай талпыну – қастерлі парыз.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ