Түсіндірме жұмыстары жүргізілуде
Жақында Жезқазған станциясының желілік полиция бөліміне қарасты Қоскөл станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Жанбота Мұхаммедиев Қоскөл ауылдық округінің әкімі Нұрлан Жүгінісовпен және ауыл тұрғындарымен арнайы кездесу өткізді.
Әлеуметпен кездесу барысында полиция майоры Жанбота Абайұлы теміржол үстін мал жайылымына айналдырмауға, малды қараусыз теміржол маңына қалдырмауға, түнгі мезгіл уақытта балалар заңды өкілінсіз теміржол жанына бармауына тыйым салынатынын ескертті. Сонымен қатар, теміржол айналасында орналасқан шаруа қожалықтарынан мал бағу ережелерін дұрыс сақтауды талап етті. Осы тұрғыда, Қоскөл орталығы тұрғындарына да түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мұнымен қоса, Жанбота Мұхаммедиев теміржол бойында поезда ұрлық-қарлықтарды болдырмау мақсатында оның алдын алу негізінде ұдайы жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Әңгіме барысында тұрғындарға жолаушылар поездарына отырғанда бағалы заттарын қараусыз қалдырмауды айтты.
Кездесу соңында Жанбота Абайұлы осы айтылған қағидаларды үнемі назарда ұстауды ескертті.
Өз тілшімізден.