Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам дерті

Бүгінде отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды. Ол дұрыс емес.

Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Зорлық-зомбылық – азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі. Түрлі тәсілдермен ұрып-соғу, дене жарақатын салу, азаптау (азапқа салу және денсаулыққа зиян келтіру); адам психикасына әсер етіп (жүйкесінің тозуы немесе тіпті жынданып кетуін тудыруы мүмкін) қорқыту, тәнге жарақат салу, тағы басқалары.Мемлекеттілікке, адамзатқа, балалық шаққа қарсы қылмыс жасаған адамдарға қазақстандық қоғамда орын жоқ.
«Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз оның қоғамдағы алар орнына қарай айтылса керек. Осы бір ғибратты сөз босағаның берік, шаңырақтың биік болуын, халық санының көбейіп, қоғам байлығының еселеп артуына өзіндік ықпал ететіндігін көрсетеді. Өкінішке қарай, түрлі жағдайларға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жататын кездері де аз емес. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күнде айқай-шу болатын үйде зорлық-зомбылықтың болатыны белгілі. «Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі еш уақытта қоғамды бей-жай қалдырған емес. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетіндер – әйелдер мен жас балалар. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер жиі кездеседі. Балаларға, әсіресе кішкентайларға зорлық-зомбылықтың үй, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындалмайды. Дөрекілік, балаға күш көрсету, олардың бағдарын өзгерту, зорлық-зомбылықты, сайып келгенде қылмысты тудырады. Ол өз-өзіне қол жұмсауға алып келуі мүмкін.

Құндыз АЛИМКУЛОВА,
Жезді кентінің тұрғыны.