Төрегелді ШАРМАНОВ: «Ата-ананы бағып-қағу — биік ұғым»
Бауыр еті балаңнан ең алдымен күтетінің – өзіңді қуантуы, айналасын қуантуы. Мен өзім мектепте, институтта жақсы оқыдым, алдымен кандидаттық, кейін докторлық қорғап, министр болып, жақсы атымды шығарып, ата-анамды қуанттым деп ойлаймын.
Біздің қазақта үлкен кісілер «Балам мені өскенде бағады» деп отыратын. Осы сөзге қазір басқашалау, тереңдеу мағына беру керек. Әркім өз күнін өзі көретін болған мына заманда, зейнетақы көтеріле түскен мына кезеңде балалардың ата-аналарын бағуы дегенді баяғыдай күнкөрісін, ішіп-жемін қамтамасыз ету деп қарамау керек.
Мысалы, мына Батыста бала он сегізге толғаннан кейін өзімен өзі кетеді. Кімнің баласы болса да бәрібір. Безбүйректік деген сондайдан басталады. Ал Жапонияда ондай емес. Бала әке-шешесімен тұрады. Бала бірнешеу болса, олар да үлкендеріне енші беріп шығарады. Шаңырақты кенжесі ұстайды.
Балалардың ата-анасын бағып-қағуы деген биік ұғым. Мұны жай асырау деп қарауға әсте болмайды. Балаң жақсы болып өссе, сен бабың келісіп, қанатыңды қағып жүресің. Марқайып, мақтанып жүресің. Өзіңді бақытты сезінесің. Ата-ананы бағып-қағу деген сол. Ана сүтін ақтау, перзенттік парызды орындау деген сол.