Тұрғындар тілегі — су мен жол

Сарысу селолық округі ауданымыздағы ауыл шаруашылығы жақсы дамыған өңір. Округтің халқы тұрақты, малы көптігімен ерекшеленеді. Шалғай болғанымен, шаруасы мығым ауыл тұрғындарының тұрмысы да тәуір. Төрт түлікті өсіріп, әсіресе, жылқы мен түйенің санын кемітпейтін сарысулықтардың жылдық табысы осы малдың төлі мен өнімі… Десекте, бұл ауылдың тұрғындары аңсаған арман да аз емес. Соның бірі де бірегейі, су мен жол.

СУДЫҢ ЖАҒАСЫНДА ОТЫРЫП…

Сарысу селолық округі өзі аттас өзеннің жағасында отырған ауыл. Кәрі тарихқа зер салар болсақ, осы Сарысу өзені өткел бермей жататынын, Еспеден ат жалдатып әрең өткен кезеңдер болғанын оқимыз. Ал, қазіргі Сарысу мүлдем басқа. Бір жылдары арнасына да толмай, арық болып жылап ағып жатқанын да көрдік. Бірақ, өзеннің аты өзен. Табынында ызасы, маңайында көзі жоқ емес. Суды зерттейтін мамандардың айтуынша, Сарысу ауылының маңында жерасты суы бар. Бірақ оның қоры қанша, ішуге жарамды ма? Осы жағы зерттелмей тұр.

Соған қарамастан, жоқтан бар жасап, алыстан су тартып, ел ауызсу ішіп отыр. Ауыз су құбыры «Жезбұлақ» мекемесінің меншігінде. Ал, суға тұрғындар «Жезбұлақ» бекіткен тариф бойынша ақша төлеп отырады. Төлем нарқы әрбір отбасы мүшесіне 146 теңге. Бұл суды даладағы құбырдан алатындар үшін. Ал, суды үйлеріне кіргізіп алғандардың төлейтін ақшасы жан басына – 292 теңгеден. Ауыл тұрғындарының 85 проценті ауызсуды үйге кіргізіп алған. Қажеттілікке байланысты бүгінгі таңда далада 8 дана колонка жұмыс істеп тұр. Округ әкімі үстіміздегі жылы орталық көшеге ауыз су тазалау станциясын орнатуды да жоспарлап отыр. Сәттілік болсын дейміз.

ЖЫРЫ БІТПЕЙТІН ЖОЛ

«Сәттілік болсын» дегенді жәй айтып отырғаным жоқ. Ауылға апаратын 20 шақырым жолдың жыры әлі де бітпей тұр. Әрине, таза қараусыз қалды деп айта алмаймын. Ауыл азаматтарының күшімен тесіктері топырақпен бітеліп, жыртықтары жамалып жатыр. Үстіміздегі жылы да жолды жөндеу мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілмек. Түйемойнақ-Сарысу арасындағы 20 шақырым асфальт жолды жөндеу үшін сметалық жобалық құжат дайын. Ауыл әкімінің айтуынша, 855 000 000 теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Мұның сыртында Сүйінбай көшесінің 700 метр ішкі жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары (36 млн. тг.), Уәлиханов көшесінің 600 метр ішкі жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары (35 млн. тг.) да жүргізіледі. Олардың да сметалық құжаттары дайын. Тек бұл іс те сәтімен жүрсін дейміз тағы да.

ЛИМАН ДА ТОЗЫП ТҰР

Сарысу кешегі асыл тұқымды қой заводы болған іргелі ауыл. Кешегі оңтайландыру жылдарының өзінде ауылдың іргесі сөгіле қоймады. Десек те, уақыт өз дегенін алып жатыр. Әсіресе ауылды шөппен қамтамасыз етіп отырған лимандардың жағдайы жыл өткен сайын қиындап келеді. Бұл өңірде шөп лиманнан шабылады. Топырағы отырған бөгет, суағарлары тозған жанқұлақ бәрі лиманға судың жеткілікті жиналуына кері әсерін тигізуде. Ал суы мардымсыз жерге шөптің де шығымы аз болатынын айтып жатудың өзі артық.

Бұл мәселені де ауыл тұрғындары, әсіресе шаруа қожалық иелері айтуындай айтып жүр. Бірақ, лиман жөндейтін арнайы мекеменің жоқтығы ол мәселенің шешілуіне мүмкіндік бермеуде. Басшылардың да, қосшылардың да айтары «шаруа қожалықтары бірігіп, техника жалдап лиманды көтеріңдер» дегенге саятын сыңайлы.

Онсыз да суы аз түсетін лимандарға су тұрмай, шабындықтардың шығымы аз болуда. Әсіресе, өткен жылғыдай қуаңшылық кездері ол айқын сезіліп қалады.

– Қысқы мал азығын дайындау барысында ауылшаруашылық бөлімінің берген  жоспары 18874 тонна болатын. Селода 100 шаруа қожалығы тіркелген. Шабындықта 16 шаруа қожалығы шөп дайындау жұмысымен айналысты. Бүгінгі таңда 16500 тонна шөп дайындалды.

Ауыл тұрғындарының мал ұстайтын үй саны 109, осы үйлерге 3500 тонна шөп түсірілді. Қалған 13000 тонна шөпті шаруа қожалықтары өздеріне жаратты, – дейді ауыл әкімі Сәтжан Құрманбаев.

АТА КӘСІП АЛҒА БАСЫП КЕЛЕДІ

Соған қарамастан округте ауыл шаруашылығы заман ағымына сай жүріп келеді. Мал басында кему жоқ. Қайта төрт түліктің кейбір түрі өскен. Жалпы, Сарысу селолық округі төрт түлікті тең өсіріп отырған ауыл. Өткен жылғы ауыр жағдайларға қарамастан мұнда қысқа 8171 бас ірі қара түсіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 104 процентті құрайды. Ал, қысқа түскен жылқы 6085 бас (107 процент), ұсақ мал 19237 бас (100 процент), түйе 78 бас (102 процент). Мұның сыртында 561 бас (108 процент) құс және бар.

– Округтің шаруа қожалық иелері мал басын асылдандыруға да ерекше мән беруде. Асыл тұқымды мал басын көбейту мақсатында селода 31 шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, субсидия алады. Нақтырақ айтсам, шаруа қожалықтары 4073 бас аналық сиырға жалпы соммасы 40730 теңге алды. Қазір округ бойынша 163 бас асыл тұқымды бұқа бар. Оның 90 басы қазақтың ақбас бұқасы, 55-і герефорд, 18-і әулиекөл тұқымы. Осылар арқылы біз округтегі мал басын асылдандырып, мал өнімдерінің сапасын арттырып, мол өнім алуға қол жеткіземіз. Осылайша, елдің ішкі және сыртқы нарыққа өнім шығару да ойда бар, – дейді округ әкімі.

Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жасалынып жатқан мүмкіндіктерден сарысулықтар да тыс қалып жатқан жоқ екен. Өткен жылы жайылымдарды суландыру бағдарламасы арқылы 4 шаруа қожалығы су ұңғымасын қаздырыпты. Малды ауылдарға күн сәулесінен қуат алатын батареялар орнату мәселесі де округте жақсы жолға қойылған.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙ ЖАҚСЫ

Елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту, ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылықтарды азайту сияқты мәселелер Сарысу ауылында ерекше маңызға ие. Қазір ауыл көшелерін жарықтандыру, ауылішілік жолдарды жаңғырту жұмыстары тәп-тәуір жүріп жатыр.

Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, Сарысу селосы бойынша 35 дана көше жарықтары светодиодты шамдарға ауыстырылған. Орталықтан бөлек, селодан 30-35 шақырым сырт жатқан Түйемойнақ, Үштаған елді мекендеріне де ток тұрақты беріліп тұрады.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы Сәтбаев көшесіне 6600 шаршы метр асфальт жол салынған. Көше жолдарын жаңғырту биыл да жалғасатын болады.

Білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар бар. Мәселен, №7 Сарысу орта мектебінде 122 бала білім алады. Оның 10-ы даярлық сыныбында оқыса, 9-ы биыл мектеп бітіреді. Өткен оқу жылында 9 түлек жоғары оқу орындарына түскен екен. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде мектеп заманауи тұрғыда жұмыс істеп жатыр. Мектепте спорт алаңы, спорт залы, асхана, кітапхана, акт залы бар.

Ауыл тұрғындарына 1 медициналық пункт қызмет етеді. Ұжымда 5 адам жұмыс істейді. Дүниеге келген бала саны – 8. Індетке байланысты (Covid-19) ауыл бойынша 824 адам вакцина алу керек екен. Бүгінгі таңда вакцина алғаны 361 адам. Мектеп жасындағы 41 бала екпе алу керек болса, қазіргі таңда 12 бала «Phizer» вакцинасын алған.

Сарысу селолық клуб үйінде 16 адам жұмыс істейді. Оның 7-і мәдениет саласының қызметкері, 7 адам шаруашылық жұмыскерлері және аусымдық (от жағушы) жұмыста 2 адам жүр. Сұранысқа сәйкес 100 тн көмір түсірілген. Мәдени іс-шаралар жоспар бойынша атқарылуда. Алайда, елімізде болып жатқан індетке байланысты 10 іс-шара офлайн, 41 іс-шара онлайн әдісімен өткізілген.

ТӘРТІПКЕ БАҒЫНҒАН ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ

– Қылмыстың алдын-алу, жасөспірімдер арасында қылмыстық әрекетті болдырмау шаралары үнемі бақылауда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Заңының орындалысы қадағалануда. Әскери міндетті шақырылғандар көктемгі және күзгі шақырылымдарға дер кезінде аудан орталығына жеткізілді.

Алайда, ел іші болған соң әкімшілік құқық бұзушылықтар орын алып тұрады. Осы бағыт бойынша 72 хаттама толтырылды. Оның ішінде мал бағу ережесін бұзғаны үшін 49 хаттама, тұрақты мекен-жайға тіркелмегені үшін 7 хаттама, абаттандыру жөнінде 12 хаттама, жол жүру ережесін бұзғаны үшін 4 хаттама толтырылды. Село бойынша 1 мал ұрлығы тіркелді, – дейді Сәтжан Құрманбаев.

ТҮЙІН

 Қалыптасқан дәстүр бойынша ауыл әкімдерінің халық алдындағы есеп беру науқаны да басталды. Қазір Ұлытау ауданының селолық округтерінде бекітілген кесте бойынша халықпен кездесу жиындары өтіп жатыр. Сондай алқалы жиын Сарысу ауылында өтері де анық. Ал онда осы мақалада айтылған мәселелердің сөз болары және ақиқат. Гәп онда емес. Гәп, сол айтылған мәселелердің, көтерілген проблемалардың сөз жүзінде қалмай, шешімін табуында. Оны әрине уақыт көрсете жатар.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ